Газетіміздің бүгіні нөмірінде белгілі аудармашы, Қазақстан мұсылмандары Дни басқармасы Ғұламалар кеңесінің мүшесі, дін саласының маманы Зәріпбай Жұманұлы Оразбайдың бүкіл дүние жүзін дүрліктіріп отырған коронавирус туралы ойлары мен ата-бабаларымыздың өткен замандарында осы сияқты індетерге қарсы қандай ем-дом қолданған туралы мақаласын жариялап отырмыз. Оларға еліміздің азаматтары,тиісті мемлекеттік органдар мен отандық ғалымдар қызығушылық танытады деп сенеміз.
_________________________________________________________________
Қиын-қыспақ кезеңнен шығаратын сенім.
21 наурыз күні күн батқан кезден бастап Адамзат баласы доңыз жылынан тышқан жылына аяқ басты. Доңыз жылының жайсыз келетін мінезі ежелден мәлім, дегенмен осы жылғы Қытайда жаңадан пайда болып, бірнеше айдың ішінде көптеген мемлекеттерге тарап, дүние жүзі халықтарының үрейін туғызған коронавирус індеті ерекше болды. Оның қалай пайда болғаны және оған қандай емнің шипа болатыны әзірге белгісіз болып тұр. Сол себепті барша елдердің ғалымдары шарқ ұрып індеттің емін іздестіріп, ал үкіметтері болса бұл індеттің салдарынан туындаған проблемалардың тығырығынан шығудың жолдарын іздестіруде.
Меңімше, бұл індеттің таралуы ұзаққа созылмайды, Құдай қаласа оның емі де табылады, салдары да жойылады. Бұлай үмітті болжам айтуымның себебі, әр дәуірдің өзіндік індеттері болады. Яғни, адам баласы өзінің ұзына бойы тарихында бұдан да басқа сан түрлі індеттерді басынан өткергені белгілі. Негізінде мұндай індеттер Алла тарапынан адамзатқа сыңақ ретінде әрі белгілі бір мерзім аралығына жіберіледі де, сол мерзім соңына таяған кезде түрлі септіктер арқылы індеттің емі, әлде шешімі жіберіліп, соңынан салдары жойылады. Мұны біз Құран аяттары мен Пайғамбар (с.ғ.с.) хадистерінің мағыналарынан аңғаруымызға және мұндай сынақтардың жалпы екі түрге бөлінетінін байқауға болады. Сөйтіп, оның біріншісіне: белгілі бір азғындап шектен шыққан қауымға, яғни Ад, Самуд, Лут қауымдары және Перғауын мен оның қауымы сияқты жаппай күнәға батқа қауымдарға жаза ретінде жіберілген бәлелерді мысалға келтіруге болады. Сондай-ақ, барша пайғамбарларға, солардың қатарында хазіреті Мұхаммедке (с.ғ.с.) де сынақ ретінде сауаптары мен дәрежелерін арттыру үшін түрлі қиыншылықтар жіберілгендігі белгілі.
Сынақтардың екінші түріне: шариғат тілінде «жалпыға келген бәле» деп аталатын, яғни жалпы адамзатқа – жақсысына да жаманына да, алаламай барлығына бірдей жіберілетін бәлелерді мысалға келтіруге болады. Бұл туралы «Әнбия» сүресінің 35-аятындағы «Сендерді жамандықпен де, жақсылықпен де сынаймыз» деген Алла тағаланың ескертуінен білуге болады. Мұндай сынақтың кезіндегі жіберілетін бәлелер белгілі бір қауымға немесе адамға арналмайды, бәлкім ұлтына да, дініне де, шекараларына да қарамай жалпы адамзатқа арнап жебіріледі. Мысалы XIV ғасырда оба деген індет шыққан, одан миллиондаған адамдар қырылып қалған. Ол кездегі медицинаның қандай деңгейде болғаны айтпаса да белгілі.
Дегенмен, бұндай бәлелер әр дәуірде өмір сүретін қоғамның деңгейіне сай деңгейде жіберіледі. Мұның дәлелі, медицинаның барлық саласы дамыған қазіргі дәуірде жаңадан шыққан коронавирус деген індетке шипа болатын ем әзірге табылған жоқ. Әрине, бұл да Алланың жалпыға жіберген бір сынағы. Дегенмен мұны дұрыс түсінбеген кейбір азаматтар бойын үрейге алдырып сары уайымға салынуда, ал кейбіреулер болса керісінше бейқамдық танытып жайбарақат жүріп, өздерін жұқпалы індетке шалдықтырып алулары, сөйтіп өз өмірлеріне қауып төндірулері мүмкін. Негізінде ата дініміз мұндай жағдайдан сақтануға нұсқау береді. Бұл туралы «Ниса» сүресінің 29-аятында «сендер өздеріңді өлтірмеңдер, әлбетте, Алла сендерге ерекше мейірімді» деп ескерту айтылған. Мұндағы «өздеріңді өлтірмеңдер» деген сөздің мағынасы жайлы бірнеше түсініктемелер айтылып, солардың бірінде «қажет болмаған жерде өмірлеріңе өлім қаупін төндірмеңдер» деп түсініктеме айтылған. Бұл нұсқаудың шеңберіне қауіпті жұқпалы індеттерден сақтану да кіреді.
Ал енді бойын үрейге алдырып сары уайымға салынған азаматтар жайлы айтар болсақ, аталған аяттағы «Алла сендерге ерекше мейірімді» дегеннің мағынасы «Алла сендерді қиыншылықа тастап қоймайды» дегенді де аңғартады. Сондай-ақ, «Шарх» сүресінде «Бір ауыртпалықтан кейін екі жеңілдігі келеді» деген мағынада аяттар келген. Осыған сүйене отырып «бұл келген қиыншылықтан кейін әлбетте жеңілдіктер мен жақсылықтар келеді» деп үміттенуімізге болады.
Енді індеттің еміне келсек, ол екі түрлі болады: бірі медициналық дәрі-дәрмектер көмегімен, екіншісі Құран мен хадистерде келген ізгі дұғалар көмегімен шипа табуға болады. Өкінішке орай емнің бірінші түріне қазірші толық жүгіну мүмкін емес. Себебі інтетке үзілді-кесілді шипа болатын дәрі-дәрмек әлі табыла қойған жоқ. Сондықтан, қазірше қалаған адам емнің екінші түріне жүгінуі мүмкін. Бірақ ондай шипа дұғаларды екінің бірі біле бермейді, яғни оларды Алла тағала ерекше дарындылық дарытқан ғұламалар ғана көрсете алады. Солардың бірі де бірегейі, бізге «Зикзал» атты асыл мұра қалдырған Бекасыл Биболатұлы. Тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл адамзаттың қымбат жауһарларының бірінен саналатын бұл құнды шығармада өмір тылсымдарының сырлары мен құпияларын ашатын, адамның күнделікті өміріне керекті пайдалы кеңестер, адам дертіне дауа болатын үш жүзден астам дұғалар және басқа да ғылыми мәліметтер мен тұжырымдар бар. Солардың ішінде обаны қайтаратын дұға да бар. Ол туралы «Зикзалдың» 237 бетінде былай деп жазылған: «Кезінде Қашғар өңірінде оба ауруы тарап, күн сайын қаладан бес жүздей адамның мəйіті шығарылатындай жағдайға жетті. Қашғардың ғұламалары бұл жағдайдың шешімін таба алмай, қандай амал жасауды білмей əбден бастары қатып дал болды. Содан бұл хабар Балх ғұламаларына жетіп, олар бұл аурудың емделу жолы ретінде мына бір сегіз аятты көрсетіп: «Бұларды жазып, адамдар үйлерінің қақпалары мен есіктеріне байлап қойсын», – деп, Қашғар ғұламаларына хабар жіберіпті.
Обаны қайтаратын дұғаның мəтіні: «Сұм шайтанның азғыруынан пана тілеп Аллаға сыйынамын.
Мейірімді де рақымшыл Алланың атымен (бастаймын).
(Ей, Мұхаммед (Алланың оған амандығы мен сəлемі болсын!) оларға): «Бізге (де,сендерге де) Алланың біздерге арнап (тағдырларымызға) жазып қойған (қуаныш бола ма, қайғы бола ма тек сол) нəрсе ғана келеді (тағдырға жазылғаннан ешкім қашып құтыла алмайды). Ол (Алла) – біздің Иеміз, сондықтан мүміндер тек Аллаға ғана тəуекел қылсын (сүйенсін)!» деп айт» («Тəубе» сүресінің 51-аяты).
«Ал егер, Алла сені бірер қиыншылыққа ұшыратса, бітті, (онда) одан өзге оны (ол қиыншылықты) ешбір тоқтатушы болмайды. Ал егер, (Алла) саған бірер игілік жеткізсе (ол игілікке де Алланың өзінен басқа ешкім тосқауыл бола алмайды), Ол əр нəрсеге қадір» ( «Əнғам» сүресінің 17-аяты).
«(Ей, Мұхаммед (Алланың оған амандығы мен сəлемі болсын!)) егер Алла саған бір зиян жеткізсе, онда оны оның (Алланың) өзінен басқа қайтарушы (күш) жоқ. Ал егер саған бір жақсылықты қаласа, оның кеңшілігін қайтарушы жоқ. Оны (Алла) өзінің пенделерінің қалағанына береді. Ол өте кешірімді, асқан рақымшыл»( «Йунүс» сүресінің 107-аяты).
«Жер бетінде қандай жанды зат болса да, əлбетте оның ырзығы (қорегі) Алланың еншісінде. Ол (Алла) олардың (жанды заттардың) тұрақтарын да, тұрақсыз орындарын да біледі. Барлығы анық (баяндалған) Кітапта («Лаухүл махфузде» жазып қойылған)» ( «Худ» сүресінің 6-аяты).
«Əлбетте, мен: менің Раббым, сондай-ақ сендердің де Раббыларың (болып табылатын) Аллаға тəуекел еттім. Қандай қыбырлаған жанды зат бар болса,əлбетте оның несібесі оның (Алланың) қолында. Сөз жоқ, Раббым ең тура жолда»( «Худ» сүресінің 56-аяты).
«Алла адамзатқа бір мейрімділігін ашып қойса (сыйласа), оны бөгеп қалушы(күш) болмас. Ал енді бөгеп қалса, оның бөгеген нəрсесін оның соңынан жіберуші жоқ. Өйткені, асқан құдірет жəне хикмет (даналық) иесі»(«Фатир» сүресінің 2 аяты).
«(Ей, Мұхаммед (Алланың оған амандығы мен сəлемі болсын!)), егер сен олардан:«Көктер мен жерді кім жаратты?» деп сұрасаң, əлбетте олар: «Алла» дейді.Оларға айт: «Көрдіңдер ме? (айтыңдаршы) егер Алла маған бірер зиян жеткізуді қаласа, сендер Алланы қойып, өзге жалбарынып жатқан нəрселерің (пұттарың) оның зиянын арылта ала ма? Немесе Алла маған бір игілік қаласа, олар (сендердің пұттарың) оның игілігін бөгей ала ма?». Жəне айт: «Алланың өзі (көмек беруде) маған жеткілікті. (Шынайы) тəуекел етушілер оған тəуекел етеді» («Зүмәр» сүресінің 18 аяты).
«(Біз) Құраннан мүміндер үшін шипа жəне рақмет болатын нəрселерді түсіреміз. Ал енді, (бұл аяттар) залымдар (кəпірлер) үшін тек азапты ғана арттыра түседі» («Әл-Исра» сүресінің 81-82 аяттары).
Сосын Қашғар ғұламалары Балх ғұламаларының бұл нұсқауын орындағаннан соң ел індеттен арылған екен. Өйткені аталған соңғы аяттағы «(Біз) Құраннан мүміндер үшін шипа жəне рақмет болатын нəрселерді түсіреміз» дегені – Құран аяттары бәрлық дерттерге шипа болады дегенді аңғартады, тек оларды өз орнында дұрыс пайдалануды білу қажет. Ал оларды қалай дұрыс пайдалану керек екендігінің жол-жорығын Бекасыл Биболатұлы сияқты дарынды ғұламалар өз еңбектерінде түсіндіріп кеткен.
Мен өз өмірімнің біраз жылын Құран Кәрім мағыналарына тәпсір жазу ісіне, сосын Бекасыл Биболатұлының «Зикзалын» қазақшаға аударуға арнаған болатынмын. Сондықтан бұл еңбектегі дұғалардың барлығы Құран аяттары мен хазіреті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистеріне негізделген деп айта аламын.
Сондай-ақ, Қазақ Ұлттық медицина университетінің И.Ә.Құлманбетов, Р.И.Құлманбетов және Д.С.Караскова деген бір топ ғалымдары өздерінің «Бекасыл Биболатұлының медициналық канондары» деген мақаласында (Вестник КазНМУ №1-2019) Бекасыл Биболатұлының «Зикзалын» клиникалық медицина мен фармакология саласындағы медициналық энциклопедиялық ғылыми еңбек деп бағалаған. Аталған шығармада барлық ауруларға қатысты дәрігерлік нұсқалар жазылғандығын айта келіп, олардың ішінен бірнешеуін арнайы атап көрсетіп: Аллаға сенім білдіруші адамдар депрессия мен стресске аз шалдығады және мұндай жағыдайлар туындаған кезде,олар бұл кезеңнен әлдеқайда жылдам шығады» деп тұжырым жасаған.
Ендеше «(Біз) Құраннан мүміндер үшін шипа жəне рақмет болатын нəрселерді түсіреміз» дегені – Құран аяттары бәрлық дерттерге шыпа болады дегенді басшылыққа ала отырып «жоғарыда келтірілген жеті аят коронавирус індетіне де ем болуы мүмкін деп тұжырымдауға болады. Ең бастысы, бұл дұғалар адамдардың рухына ізгі әсер етіп, санасындағы үрей мен күдіктен арылтып, алда келетін жақсылыққа деген үміті мен сенімін оятады. Мұндай жағдай адамның қиын-қыстау кезеңнен неғұрлым оңай өтуіне септік болады. Осы тұрғыдан қарағанда, мұндай дұғалар адамзат баласына тек жақсылық силайды деп айтуға болады. Ендеше, осы ізгі дұғаларды пайдаланудың жол-жорықтарын білгісі келетіндер болса, оларды bekasyl.kz cайтындағы көрсетілген электрондық пошта мен телефондар арқылы алуларына болады.
Енді коронавирус індеті пайда болған доңыз жылы мен үстіміздегі тышқан жылының ерекшеліктеріне келетін болсақ, «Зикзалдың» негізгі бөлімі болып табылатын «Палнама», яғни «Жорамал ілімі» деп аталатын бөлімінде Наурыз жорамалы жайлы тарау бар. Онда Бекасыл ғұлама доңыз жылы туралы былай деп жазыпты: «Егер доңыз жылы кірсе, мұндай жылдың қысы қатты болады. Қар өте қалың жауады. Ыстығы көтерілу, шаншу қадалу, жөтел аурулары көп болады. Жас балдардың арасында шешек ауруы етек алады. Ол жылы адамдар өз мекендерінен басқа жерлерге көшумен әуре болады. Қысқы шілдеде суықтан сақтану үшін қорғанға кіру қажет. Ал жазғы шілдеде тауларға шығу керек. Бірақ ары-бері көшкенде қарақшыларға кезігуі мүмкін. Сөйтіп саймандарынан айырылып қалуы, малын алдырып қоюы, семірткен атынан айырылып қалуы мүмкін. Мұндай жылдары айла-амалмен адамдарды қорқытып, малын алып қою көп болар. Бұл жылы арпа мен тары кем болады. Ал басқа нығметтердің түрлері дұрыс болады. Мұндай жылдары су тапшы болады. Жаз айлары жылдам өтеді, ал қыс мезгілі ұзаққа созылады. Содан көшпенді елдерге ауырлық түседі. Мұсылмандардың ақуалы мардымсыз болады».
Осы жорамалда айтылған жағыдайлар мен оқиғалар өткен доңыз жылы біздің елімізде де, шетелдерде де орын алғаны белгілі. Мысалыға, қардың көптігі, короновирустің шығу, шешек және жөтел ауруларының өршуі, Австралиядағы өрт, Европаның есін шығарған катаклизмдар мен мигранттар проблемасы, судың тапшылығы, еліміздің кейбір аймақтарында егіннің өнім бермегені, Иран, Сирия және басқа да араб мемлекетеріндегі орын алып отырған текетірес жағдайлар және т.б.).
Енді, келіп жеткен тышқан жылының жорамалымен танысайық: «Егер тышқан жылы келсе, ол жылдың қысы құрғақ болады, ал жазы жауын-шашынды болып келеді. Ол жылы шөп қалың болып өседі. Ел ішінде мамыражай, кеңшілік орнығады. Дəруіштер мен пақыр, кемтарлардың жағдайлары да жақсы болғай. Күнбатыс жақтарда жаңбыр аздау болады. Патша мен бек, мырзаларға қайғы мен қамығу көп болады. Қыстың соңында қарт тышқан қалады. Баға төмен түседі».
Осы жорамалға зер салып қарайтын болсақ, тышқан жылының жайлы келетінін, жалпы адамзатқа, оның ішінде кедейлерге, пақырлар мен кемтарларға жайлы болатынын байқауға болады. Сондықтан, адамзат қазіргі орын алып отырған қиыншылықтардан аман есен өтеді деп болжауға болады. Біздің елімізде де, шетелдерде де қабылданып жатқан шешімдер мен өткізіліп жатқан іс-шаралар, төтенше жағдайлар, қалалардың карантинге жабылуы, барлығы адамзатты қаптап бара жатқан індеттен аман алып қалу үшін жасалып жатқандығы белгілі. Дегенмен мұндай кездегі қиындықтан билік басындағы басшыларға оңайға соқпайтыны анық. Сондықтан мұндай кезеңде жаппай халық болып оларды қолдап, шешімдері мен нұсқауларын мұқият орындау қажет болады. Бұған Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Оба шыққан жерге бармаңдар, егер оба шыққан жерде болсаңдар, ол жерден басқа жаққа кетпеңдер» деген нұсқау дәлел болады. Яғни «Оба шыққан жерге бармау» және «оба шыққан жерден басқа жаққа кетпеу» деген сөзден карантин жағдайының мағынасы шығып тұрғанын аңғаруымыз қажет. Сондықтан басшылардың нұсқауларын орындау – әлемді дүрліктірген індеттің өзінен де, оның салдарынан да тезрек құтылудың бірден-бір жолы деп түсіну керек. Сол себепті, барлық отандастарымды орынсыз үрейден арылып, сабырлыққа жұмылуға және мейрімді де рақымшыл Алланың жақсылығынан үміт етуге шақырамын. Тек осындай сенім ғана бізді қиын-қыспақ кезеңнен абыроймен шығуымызға жарқын жол ашады.
Баршаға Алладан игілік тілеуші
Зәріпбай Жұманұлы Оразбай