Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деп тура жолдың бағытын айқындағандай еді. Бұл ретте Тұңғыш Президент «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек» деп нақты жолды белгілейді. Осындай бағыттағы жұмыстар аясында қазақ даласынан шыққан даналардың, ғұламалардың есімі қайта жаңғырып жатыр. Солардың арасында Бекасыл Биболатұлы — түбі бір түркі жұртының руханиятының орнығуына мол еңбек сіңірген рухани ұстаз ретінде танымал бола бастады.
Бекасыл Биболатұлының «Зикзал» атты кітабы халқымыздың құнды рухани мұрасы деп қабылданады. Өйткені, ол қазақ руханиятына, ғылым-біліміне зор үлес қосты. Осы ретте Бекасыл Биболатұлының ұрпағы, саясаттану ғылымдарының докторы, генерал Ержан Бекбауұлы Исақұловпен сұхбаттасқан едік.
— Ержан Бекбауұлы, халықтың рухани байлығын дамытуға еңбек сіңіріп, «рухани ұстаз» ретінде танымал болған бабаңыз туралы азырақ тоқталсаңыз?
— Тәуелсіздігіміздің арқасында жоғалғып, шашылып, ұмыт болған,сан рет бұрмаланған тарихымызды түгендеп, ондағы ақтаңдақтарының орнын толтырып, жаңғыртатын кезеңге де қолымыз жетті. Бұл жұмыстар ойдағыдай атқарылып,нәтижелі болатынына біздің сеніміміз мол. Өйткені, Елбасымыз бұл мәселелерді шешуге бастамашылық жасап, өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында, халқымыздың санасын ояататын, ата-бабаларымыздың тарихына тікелей бет бұрғызатын, түркілердің адамзат өркениетіне қосқан үлесі мен орнын анықтауға арналған, «Рухани жаңғырудың» жалғасы болып табылатын бағдарламасын жариялады. Осы ретте «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Халықаралық Түркі академиясында Бекасыл Биболатұлының «Зикзал» атты кітабының жарыққа шықты. Бүкіл саналы ғұмырын халық руханиятына арнаған, мешіт салдырып, бала оқытқан Бекасыл баба Биболатұлы ғылым мен білімге де үлес қосты
Бекасыл Биболатұлы 1822 жылы қазіргі Түркістан облысының Төлеби ауданындағы Сайрамсу, Қасқасу, Қарасора дейтін үш өзеннің тоғысқан жеріндегі Есім ханның ордасының жанында өмірге келіп,1915 жылы 93 жасында туған жерінде қайтыс болған. Оның төртінші атасы Құдайберді би Есім ханның орда биі болыпты, үшінші атасы Түгелбай батыр (Төлебидің әкесі Әлібектің туған ағасы) 1689 жылы «Қалмаққырылған» шайқасында шейіт болған. Түгелбайдың ұлы Мырзакелді Тауке ханның мың басы болған, ханның қызына үйленген. Ал Бекасылдың әкесі Биболат та ел таныған адам екен, оған Қоқан хандығы «Пансат» деген дәреже беріп, құзырындағы елге басшы етіп тағайындапты. Абылай ханның жұрағаттары Қасым төре мен балалары Есенгелді, Саржандарға көмек қылдың, мініске жылқы бердің деп Биболатты қудаласа керек, ақыры ажалына солар жетіпті. Биболаттың үш ұлы болған — Байшымыр, Бишымыр, Бекасыл. Олардан тараған ұрпақтар бүгінгі Түркістан облысының Төлеби ауданындағы ауылдарда — Кенесарық, Қасқасу, Тасарық, Оңтүстік және Астана, Алматы, Шымкент және Леңгір қалаларында өмір сүріп жатыр. 2003 жылдан бастап Кеңесарық орта мектебі Бекасыл Биболатұлының атымен аталады.
— Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында қазақ халқының терең тарихына, әсіресе этногезіне зерттеу жүргізудің маңызы зор екеніне айрықша тоқталған болатын. Ұлы дала тарихының күрделі бір саласы — ауызша шежірелер, олар туралы жыр — аңыздар, құймақұлақ қариялар арқылы қазыналы бай деректер. Ал, Бекасыл Биболатұлының «Зикзал» атты кітабының қолжазбасы бар. Осы деректерге тоқталып өтсек.
— Бекасыл Биболатұлы өз заманында Сайрам, Қарнақ, Тәшкен, Самарқан медреселерінде білім алып, сосын Бұхарадағы «Мір-Араб» медресесін тауысқан, Шам (Сирия) еліне барып, сол дәуірдің ғұламаларынан тәлім алған ерен ілім иесі болған. Бекасыл Биболатұлы туған жерінде медресе ашып, сол аймақтың балаларын оқытқан, шығармашылықпен айналысып, көптеген кітаптар жазған. Бірақ ол зұлмат заман (1917-1991 жылдар аралығындағы совет дәуірі) келе жатқанын анық сезіп, алты қанат ақ үй толған кітаптарын түйелерге теңдеп, тауға апарып жасырған екен. Бүгінгі ұрпаққа ол кісіден әзірге жеткені тек «Зикзал» атты еңбегі.
Бұл еңбек исламның асыл қасиеттері, адамзаттың байтақ тәжірибесі мен дәстүрі, өмір салты, сол заманның ой-санасы, ғылымның барлық дерлік саласы мен адам өміріне қажетті барлық мәліметтер қамтылған, қазақ топырағында бұрын-соңды кездеспеген аса құнды, тағлымды және ғибратты мұра.
Жылдар бойына есімі кейінгі ұрпаққа танылмаса да Бекасыл Бекболатұлы туралы қазақ руханиятындағы алып тұлғалардың бірі Мəшһүр Жүсіп Көпейұлының оңтүстікке сапарын баяндайтын «Қазақ баласы оқыдым, тоқыдым десе де, Бекасыл хазірет бола ма» деп айтқанын білеміз. Осы жәйттен мағлұмат беріп өтсеңіз?
— Бекасыл Болатұлы жастайынан жетім қалса да, оқу-білімге ден қойып, мешіт, медресе салады. Елдің санасын оятып, сауатын ашады. Диқаншылықпен де айналысып, ағаш егіп, жер көгертеді. Айналасына талапты жастарды жинап, оларға болмыстың, табиғаттың тылсым құпияларын үйретеді. Оның есімі ақындығымен де кеңінен танылған.
Осыдан көріп отырғанымыздай Бекасыл атамыз адам баласының жан-жақты дамуына жол көрсетіп отырған үлгілі тұлға. Бүгінгі ұрпақ үшін бұларды білу аса маңызды.
Қазақ руханиятындағы алып тұлғалардың бірі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының оңтүстікке сапарын баяндайтын: «Қазақ баласы оқыдым, тоқыдым десе де, Бекасыл хазірет бола ма» деген еңбегінде Бекасыл әулиенің қадір-қасиетін былай деп жазады: «Пірәдармен болған он күнімді айтып, бүгінгі жұртқа жеткізе алам ба? «Жүсіп бауырым, мына мен пақырдың көзінің майын тауысқан «Жұлдызнаманы» ермек қыл» деп қолыма кітабын ұстатты. Жеті жұрттың қамын жеп, жеті ұлттың тілімен өрілген дүниеде не жоқ дейсің. Арабтың да, Түріктің де, Парсының да тілін ұғып, сөз маржаны түзілген дүние… Хазіреттің қара сөзі бір төбе де, ақындығы бір төбе, құлағының тесігі, көкірегінің есігі бар пендеге жетерлік. Бекасыл хазіретті көргенде, жол азабын ұмытып, бірге туғанымды көргендей күйде болдым. Бұл кісінің аузынан шыққан дүрлері, елге берген бата-тілегінің қабылдығына таң қаласың…» Сосын тағы да «Миуа ағашының көлеңкесіндей бір қауым елдің дұға дарыған асылымен қош айтыстық» деп толғанады, аталарымыздың бүгінгі ұрпақтарына үйренерлік үздік үлгі танытқанын айтады.
Қазақ мәдениеті мен әдебиетінің әйгілі тұлғасы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы мен шын мағынасында «жеті жұрттың тілін білген» дегдар, оңтүстіктен шыққан атақты Бекасыл хазіреттің рухани қарым-қатынасы туралы дерек баспасөз бетінде соңғы жылдары ғана жариялана бастады. Кеңес үкіметі дәуірінде бек-билер мен көсемдердің әжуаға айналып, керек десеңіз көбі ұмытылғаны, ал жалпы қазақ тарихының советтік саясаттың көлеңкесінде қалып қойғаны белгілі. Бұл туралы ғалым Мырзатай Жолдасбековтің былай дегені бар: «Біз уызға жарымай өскен ұрпақпыз. Дүние жүзінің тарихын оқыған қазақ өз тарихын жарытымды оқи алған жоқ. Тарихи дүниелер енді-енді ғана ашылып жатыр. Өз бастауымызбен, асыл мұраларымызбен енді-енді қауышып жатырмыз». Осы сөздің өзі біршама жайтты аңғартады деп ойлаймын.
— Баба мұрасы бүгінгі ұрпақтарына тағлым. Діни сауаты терең де салауатты, ислам қағидаттарын терең меңгерген Бекасыл Биболатұлы еңбектері адам баласының танымын қалыптастыру мақсатында қазақы дүниетанымды исламның негіздерімен үйлестіріп жазған. Осы ғибратты мұраны халыққа жеткізуде қандай шаралар жасалуда?
— Ғұлама ойшыл Бекасыл Биболатұлының асыл мұрасы «Зикзал» алғаш рет 2005 жылы бір том болып, екінші рет 2011 жылы толықтырылып, екі том болып «Жұлдызнама» деген атпен жарық көрген болатын. Алғашқы нұсқасын аударғандар — Мақсұт Шапиғи мен Сәрсенбі Дәуітұлы. Екінші нұсқасын аударған — Абдулла қажы Жолдасұлы. Араб, парсы, түрік-шағатай тілдерінде жазылған бұл аса құнды мұра алғашқы екі басылымында да толық аударылмаған болатын. Соңғы жылдары араб, парсы, түрік-шағатай тілдерінің білгірі, белгілі дінтанушы, Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы жанындағы Ғұламалар кеңесінің мүшесі Зәріпбай Жұманұлы Оразбай бұл кітапты толық аударып шығып, 2014 жылы «Нұрлы өрнектер» деген атпен жариялады. Бекасыл Биболатұлының бүкіл адамзаттың қымбат жауһарларының бірі саналатын «Зикзал» атты еңбегімен қазақ халқын кеңінен таныстыру мақсатында арнайы Қор құрылды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында арнайы ғылыми жобаны жүзеге асырып, Бекасыл Биболатұлының өмірбаяны, өскен ортасы, жалпыға ортақ адамгершілік құндылықтарды насихаттайтын шығармашылығы жайлы, ондағы ұмыт болған дәстүрлер, наным-сенімдер мен қазақ мұсылмандығында бұрыннан қалыптасып, дала халқының болмысымен, табиғатымен біте қайнасып кеткен діни мектеп туралы ауқымды ғылыми еңбектер мен оқулықтар шығарып, қысқа метражды фильмдер мен видеороликтер түсіріп, ғылыми конференциялар мен кездесулер өткізу іске асуда. — Ержан Бекбауұлы, мың өліп, мың тірілген халықтың тарихи мұрасын жаңғыртудағы Сіздің еңбегіңіз де мол табыстар мен жемісті жетістіктерге толы болсын.
— Ержан Бекбауұлы, мың өліп, мың тірілген халықтың тарихи мұрасын жаңғыртудағы Сіздің еңбегіңіз де мол табыстар мен жемісті жетістіктерге толы болсын.
«ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі