Олқы тұсымыздың оңалып жатқан жайы бар. Тарихтың бір қатпарында қалып кеткен құндылықтар жаңғырып, қалың бұқараның жадына жаңғырық, санасына сәуле шашуда.
М.Әуезов атындағы ОҚМУ-де Рашид ад-диннің «Жамиғ ат-тауарих» көптомдығы және Бекасыл Биболатұлының «Зикзал» атты екі томдық кітаптарының тұсаукесері өтті. Мекемтас Мырзахметұлы бастаған қазақ руханиятында ойып тұрып алар орны бар ғалымдар құнды еңбек туралы тереңдетіп сыр шертті.
5 томнан тұратын Рашид ад-Диннің «Жамиғат-ат тауарих» және «Зикзал» кітаптары алғаш рет қазақ тіліне аударылып отыр. Кітаптарды парсы, көне шағатай тілдерінен Зәріпбай Жұманұлы аударған.
Орта ғасырларда жазылған «Жамиғ ат-Тауарих» еңбегі қазақ тарихы, Қазақстан мен Орта Азия жерінде өмір сүрген ата-бабаларымыздың тегі, дамуы, мемлекеттігіміздің қалыптасуы жайында нақты деректерді қамтитын терең талданып жазылған, маңызы зор туынды. Көптеген шет тілдеріне аударылып, үздік бағасын алған еңбек Орта Азия елдерінің ішінде Қазақстанда алғаш рет басылып отыр.
Мекемтас Мырзахметұлы, Филология ғылымдарының докторы, профессор, абайтанушы: «Бабалардан қалған асыл мұра арқылы біз басқаша жаңғыратын боламыз. Тарихқа басқаша қарайтын боламыз. Қазақ халқының ой санасының өзгеруіне мына аударылған екі кітап керемет ойлар, ой танымдар береді. Ой таным өзгерген сайын біз де өзгере бастаймыз».
«Зикзал» кітабы Қазан төңкерісінен кейін Қазан қаласында жарық көрген. Қазақ тарихынының олқы тұсын толықтырар туындының көне замандарда құрып кетпей бүгінгі күнге жетуіне ақын Қазанғап Байболов сеп болыпты. Халық ақыны халық мұрасын Кеңес одағының қырағы көзінен қызғыштай қорғап, ұрпақтарына аманат етіп қалдырған.
Ержан Исақұлов, Бекасыл Биболатұлының шөбересі: «Бекасыл Биболатұлының “Зикзал” атты кітабы оның шәкірті Қазанғап Байболұлының үйінде сақталыпты. 2003 жылы Б.Биболатұлының атына берілген мектептің тұсау кесерін өткіздік. Сонда Қазанғап Байболұлының баласы Оңғар сонда келді. Бекасыл бабамыздың үміт артқан үздік шәкірттерінің бірі Қазанғап ақын болған екен. Бабамнан бір мұра қалған шығар деп Оңғарды үйіне іздеп бардым. Оңғар Қазанғапұлы «1946 жылы әкем шешем екеумізге сенің әкеңнің кітабын аманат қып тапсырған болатын” деді. Содан бұл кітапты аударма жасатып, түзетіп, төртінші рет бастырып шығарып отырмыз. Өскелең ұрпаққа берер тағылым мол құнды туынды дер едім».
Баға жетпес байлық саналатын құнды еңбек Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Халықаралық Түркі академиясының бастамасымен басылып шыққан. Алдағы уақытта екі кітап та еліміздегі іргелі оқу орындары мен кітапханаларға таратылмақ.
Гүлжан Көшерова
otyrar.kz