ЖЕТІ ҒАСЫРДАН КЕЙІН ЖЕТКЕН ҚАЗЫНА

 

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Түркі әлемінің 100 тұлғасы» бастамасы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Халықаралық түркі академиясы басып шығарған Рашид ад-Диннің «Жамиғ ат-Тауарих» бес томдығы мен Бекасыл Биболатұлының «Зикзал» атты екі томдық еңбегінің таныс­тырылымы өтті.

Жиында алғаш сөз кезегі тиген «Нұр Отан» партиясы төр­ағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев «Рашид ад-Диннің «Жамиғ ат-Тауарих» атты еңбегінің алғаш рет парсы тілінен тікелей ана тілімізге аударылғаны шын мәніндегі тарихи оқиға деп айтуға болады. Бекасыл Биболатұлының «Зикзал» кітабының қазақ тіліне тәржімалануы да рухани өміріміздегі елеулі сәттердің бірі екені сөзсіз. Бұл оқулықтар – Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жемісі. Сон­дықтан осы игілікті істің басы-қасында жүрген барша азаматқа алғысымды білдіремін» дей ке­ліп, қазақ руханиятының асыл қазынасына айналмақ қос туынды жайында салмақты ой қозғады.

Атақты шығыстанушы-ғалым, академик В.Вартольд «тарихи энциклопедиялық мұндай ең­бектер орта ғасырларда әлемнің ешбір халықтарында болған жоқ» деп жоғары баға берген Рашид ад-Дин Фазлуллах Хамаданидің «Жамиғ ат-Тауарих» кітабы қазақ тіліне 700 жылдан кейін толық аударылып, ғылыми түсінік­темелерімен жарық көріп отыр.

Шыңғыс қағанның немересі Құлағу негізін қалаған Елхандар мемлекетінің бас уәзірі қызметін атқарған Рашид ад-Дин Фазлуллах Хамаданидің бұл еңбегі 1316 жылы жазылып біткен. Бұл айтулы жинақ – қадым заманнан бергі түркі тарихын, түркі тайпаларының шығу тегін, мекендеген аумақтары мен жер-су аттарын, мемлекет басқарған қағандар мен билеушілердің шежіресін қамтыған сүбелі дүние. Көне парсы тілінде жарық көрген туындыны Қадырғалы Жалайыри, Әбілғазы Баһадүр хан, Құрбанғали Халид, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы секілді ғұлама бабаларымыз өз шығармаларында кеңінен қолданып, ондағы тарихи деректерді өз еңбектерінде пайдаланған. Бекасыл Биболат­ұлының «Зикзал» аталған жинағы да халқымыздың рухани танымы мен салт-санасынан сыр шертетін бағалы дүние. XIX-XX ғасырдың басында өмір сүрген автордың бұл шығармасының түпнұсқасы 2000 жылдардың басында табылды.

Сондай-ақ жиын барысында Л.Гу­милев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситетінің ректоры Ерлан Сыдықов, Халықаралық түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі қос кітаптың тарихи құндылықтары жайында сөз сөй­леді.

Бұл екі туындыны Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік универ­ситетінің «Түркітану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері, араб, парсы тілі­нің маманы Зәріпбай Оразбай парсы жә­не көне шағатай тілдерінен тікелей тәржімалаған.

Азамат Есенжол

«Астана ақшамы» газеті

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*