Биыл қазақ халқы Жошы ұлысының 800 жылдығын атап өткелі отыр. Соның қарсаңында Астанадағы «Фолиант» баспаханасынан «Мехман нама-и Бұхара» («Бұхара қонағының жазбалары») атты тарихи кітап жарық көрді. Бұл кітап 1509–1510 жылдарда парсы тілінде жазылған, авторы – парсы тарихшысы Фазлуллах ибн Рузбихан Исфахани (1457–1521). Ол – Жошы ханның тұқымынан өрбіген Әбілқайырдың немересі, Қасым ханның бөлесі – Түркістан мемлекеті мен Мәуреннахрдың соңғы билеушісі Мұхаммед Шайбани ханның кеңесшісі, рухани пікірлесі, кесек іс-қимылдарының куәгері болған адам. Кітапты қазақ тілінде сөйлеткен – араб, парсы, шағатай тілдерінің маманы, белгілі аудармашы Зәріпбай Жұманұлы Оразбай. Жобаның жетекшісі – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ержан Бекбауұлы. Кәсіпкер Қайсар Мұхтаров кітапты шығаруға демеушілік етті.
Бізге жеткен аңызға қарағанда, бұдан 4–5 мың жыл бұрын Нұх пайғамбардың ұлы Яфас (Жапас) қазіргі Қазақстанның территориясындағы Алатау мен Қаратау деп аталатын таулардың баурайына келіп қоныстанған. Оның сегіз ұлының ең үлкенінің аты Түрік болған. Одан тараған ұрпақтардың барлығын «түріктер» деп, ал олардың жалпы өмір сүрген аумағын Түркістан деп атаған. Түрік түріктердің алғашқы патшасы болған. Ол Түркістанда алғаш рет хандық түзім мен мемлекетті басқару үрдісін енгізген. Әлемде өмір сүріп жатқан түрік тектес халықтардың барлығы оның ұрпағы саналады. Сондықтан түріктер адамзат баласының ең көне халықтарының қатарына жатады. Түркістан – түрік халықтарының қара шаңырағы, ата қонысы, алтын бесігі және құтты мекені.
Тәуелсіздіктің туы желбіреген кезден бастап еліміздің жаңа тарихы басталды. Ежелден түрік әлемінің рухани астанасы болған Түркістанды жаңғырту мақсатында Түркістан облысын құру туралы тарихи шешім қабылданып, Түркістан қаласы оның орталығы етіп белгіленді. Өкінішке қарай, қазірде Түркістан қаласында Қожа Ахмет Ясауидің мавзолейі мен Есім ханның кесенесінен басқа көнеден қалған ғимараттар, ескерткіштер мен жазба тарихи деректер жоқтың қасы екені мәлім.
Осы орайда жақында қазақ тілінде жарық көрген Фазлуллах ибн Рузбиханның XV ғасырда жазылған «Мехман нама-и Бұхара» атты туындысы – деректік әрі айғақтық мәні өте зор, баға жетпес құнды еңбек. Өйткені онда Түркістан мемлекеті мен оның халқының бұдан бес ғасыр бұрынғы тарихы мен табиғаты жан-жақты баяндалады. Мысалы, «Түркістан мемлекетінің сипаттамасы» деген тарауда Түркістанның әлемдік өркениеттен алатын орнына шынайы баға беріп: «Әлемнің барлық өңірінің әйгілі ғалымдары және ғұламалары Түркістан мемлекетін «бас» деп есептейді. Себебі жерді адамның денесі кейпінде бейнелейтін болсақ және жердің әрбір бөлігін адамның бір дене мүшесіне теңесек, бұл аймақ адам денесінің өзге мүшелерінің атауы сияқты – бөгде жерлердің арасында «бас» сияқты болып ерекшеленіп тұрады. Түркістан Сейхун (Сырдария) өзенінің бойында орналасқан отыз қамалдың аймағынан тұрады», – деп жазады.
Қазақ көшінің жайлау, күзеу, қыстау болып бөлінетінін, ол көштердегі керуеннің сән-салтанатын автор ерекше таңырқап, дәйекті суреттейді: «Олардың үйлері арба түрінде жасалған және аспан күмбезіндей үлкен дөңгелектерге отырғызылған, ал түйелер мен аттар керуен сияқты созылып, оларды бір тұрақтан екіншісіне жеткізеді… Сондай-ақ бұл сансыз көп үйдің иесі текті әулеттен тарайтын өте білекті батырлар. Олардың әрқайсысы шайқас күні дұшпанның күшті әскерінің онын тұтқынға түсіре алады немесе атақты батырлардың онын қанжығасына байлап кете алатын баһадүрлер… Олардың жол жүруі Атил деп атайтын Еділ өзенінің аймағы шекараларынан басталып, арбалары жайлауды бойлап, қар үстімен жүріп отырып, екі айдан соң қыстауларына жетіп келеді. Олардың қыстау мекені – Сыр деп атайтын Сейхун өзенінің жағалауы», – деп орта ғасырдың соңындағы қазақ қоғамынан мол мағұлмат береді.
Автор көшпелі өркениеттің салтанатты қазыналарын, қазақтардың мыңғырған малын, жазиралы кең даласының таңғажайып табиғатын, сахара елінің шалқыған бақуатты тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін, шаруашылығы мен мәдениетін шабыттанып сүйіспеншілікпен қағазға түсірген.
Кітапта XV ғасырдың екінші жартысы мен XVI ғасырдың бас кезіндегі қазақ деген халықтың шығу тарихы, әлеуметтік құрылымы, дүниетанымы, діни сенімі, географиялық-аумақтық ерекшелігі, жаратылыс құндылықтарын сақтап-қорғауы, әскери қорғаныс әлеуеті, хандық-билік мәселесі, Қазақ Ордасының Астрахан хандығы мен Өзбек ұлысымен қарым-қатынасы, сауда-экономикалық байланыстары, сол кездердегі ислам мәдениеті мен философиясы жайында ұшан-теңіз тарихи мәліметтер, деректемелік айғақтар жетік, жатық, толық баяндалған.
Фазлуллах ибн Рузбихан қазақ билеуші элитасы туралы: «Ол кезде қазақтардың ұлы да даңқты билеушісі Бұрындық хан болатын. Ал олардың арасындағы атақты батыры Қасым сұлтан еді», – деп жазады. Расында да, әйгілі тарихшы айтқандай, Дешті Қыпшақтың Жошы мен оның ұлы Батудан кейінгі даңқты билеушісі Қасым хан екені жұртшылыққа жақсы белгілі. Сонымен қатар кітапта қасиетті Түркістан мен Сырдың маңайында орналасқан 30 қаланың, солардың ішінде Арқұқ қамалы, Сығанақ, Сауран мен басқа да қалалардың сыр-сипаты шыншылдықпен баяндалған.
Исламның сопылық бағытының негізін қалаушы Қожа Ахметтің Ясауи қаласындағы мазарын «Мехман нама-и Бұхараның» авторы Ақса мешітінен кейінгі екінші қасиетті орын деп санайды, оған зиярат етудің пайдасын Әзреті Ясауидің мына сөзі арқылы баяндайды: «Кімде-кім бізді зиярат етсе, ол арыстан болса, түлкідей болады. Ал ол түлкі болса, арыстандай болады». Бұл сөздің мағынасын егер кімде-кім бізге менмендікпен, әлде тәкаппарлықпен зиярат етсе, мазаратымыздың қуаты оны жеңеді, сөйтіп, ол арыстанның алдындағы түлкідей әлсіз сезінеді, осылайша, менмендік, тәкаппарлық індетінен арылып, ізгілік арнасына түседі. Егер ол адам өз әлсіздігінен көңілі шөгіп, рухы түсіп жүрген болса, зияратымыздың сырлы қуаты оның рухына күш беріп, еңсесі көтеріледі, жүрегінде арыстанның айбарындай батырлық оянады. Сосын, «Сіз бұл астанаға келіп, сізден сырқат алыстағаны үшін шүкір етуіңіз керек».
Рузбихан еңбегінің ең құнды тұсы Орталық Азиядағы халықтардың этностық тарихы мен әлеуметтік құрылымын айқындауға көп көмектеседі. Мәселен, сол заманда өзбек-қазақ ұғымының этностық айырмашылығы білінбейтіні де автордың еңбегінде көрініс тапқан. Әйткенмен Қазақ хандығын билеуші Бұрындық ханның иелігі Дешті Қыпшақ, кейде Дешті атауымен, ал Мұхаммед Шайбани билеген ұлыс мекені Мәуреннахр екені айқын жазылған.
«Бұлар Шыңғыс хан ұлысының ең атақтылары саналатын өзбектер жамағатының тайпасына жатады. Бүгінде олардың бірі – шайбанилер, яғни ұлы мәртебелі хан бірнеше атадан балаға жалғасқан (билік мұрагерлігі бойынша) олардың патшасы саналады. Екінші ұлыс – қазақтар, олар өздерінің күш-құдіреті, ержүректігімен бүкіл әлемге әйгілі. Ал үшінші тайпа – маңғыттар, яғни олар Қажы Тархан (Астрахан) патшалары. Өзбек мемлекетінің (ұлысының) шекараларының бір шеті теңізбен шектеседі, шекарасының тағы бір шеті Түркістанмен, тағы бір шеті Дербентпен, тағы бір шеті Хорезммен және бір шеті Астрабадпен шектеседі. Бұл жерлердің барлығы – өзбектердің қыстау-жайлаулары. Бұл үш ұлыстың ханы әрдайым бір-бірімен жанжалдасып тұрады және бірі екіншісіне шабуылдап жатады», – деп сол кезеңдегі Ұлы даланың этно-саяси үдерісінен хабар береді. Әрине, сол замандағы ғылыми әдебиетте өзбек/қазақ атауларының аражігі онша алшақтай қоймағанын мына мысалдан анық байқауға болады: «Қазақ әулетінен болған өзбектер садақтан оқ жаудырып, шайбани өзбектердің әскеріне тойтарыс беріп жатты».
«Мехман нама-и Бұхараның» басты кейіпкері – Шайбани хан (1451–1510). Оның азан шақырылып қойылған аты – Мұхаммед Шаhибек. Ол – Жошы ханның бесінші ұлы Шайбанның (Шибанның) тікелей ұрпағы. Оның әкесі Шаh Бұдағ сұлтан – Әбілқайыр ханның ұлы. Әбілқайыр Дешті Қыпшақтың ханы болған. Оның қол астындағы халық ол кезде өзбек деген атаумен танымал болған (Өзбек хан – Жошының төртінші ұрпағы,1280–1341 жылдары өмір сүрген, Дешті Қыпшақтың ханы болған. Өзбек деген атау сол кезден қалған).
Шайбани ханның аты тарих кітаптарында Үндістанды билеген Бабыр, Иранға үкімін жүргізген Шах Исмаил және Османлы елінің қаһарлы әміршісі Яуыз сұлтан Селиммен бірге Тұранның ең көрнекті тұлғаларының қатарында аталады. Оның ержетіп, ел ісіне араласа бастаған кезі Әбілқайыр хандығының әлсіреп, Орталық Азия мен Қазақстандағы ру-тайпалардың этностық қайта түзілу кезеңімен тұспа-тұс келеді. Дәл осы кезеңде Мәуреннахрда Темір әулеті, Жетісуда Моғолстан, Еділ бойында ноғайлар, Шығыс Дешті даласында Қазақ хандығы тарих сахнасына шығып, олардың арасында әскери-саяси һәм рухани-мәдени байланыстар үздіксіз жүріп жатқан еді. Шайбани осындай аласапыран заманда атасынан қалған ұлы хандықтың шаңырағын қайта тіктеп, ұлыс туын жоғары көтеруді мұрат еткен Шыңғыс ұрпақтарының бірі ретінде тарих сахнасына шығады. Әбілқайыр хандығының іргесі сөгілген соң, ол ағасы Махмұдпен бірге Атабег-Ұйғыр хан мен Әмір Қарашынның көмегімен Дешті Қыпшақ даласын уақытша тастап, Астрахан билеушісі Қасым ханды паналауға мәжбүр болады. Кейін еліне оралып, әскер жасақтап, Темір ұрпақтарына жалдамалы ретінде қызмет етеді. 1470 жылдардың басында Сырдария маңындағы қалалар үшін жорықтар ұйымдастырып, бірнеше бекіністі жаулап алады. Көп ұзамай Шағатай билеушісі Махмұд хан жағына өтіп, бірқатар жорық ұйымдастырады. Осындай шайқастардың бірінде Бұрындық ханның қолын жеңіп, Түркістанға иелік етеді. Шайбани осында әскери қуаты мен ықпалын арттырып, Темір әулетінің мұрагері Хұсейн Байқараның иелігіндегі Хорезмге қарсы жорыққа шыққанымен, нәтижесіз аяқталады. Тек 1490 жылдардан бастап Темір әулетінің билігі ішкі жанжалдардан әлсірей бастағанда Бабырды ойсырата жеңіп, Мәуреннахрға біржола үстемдік етеді. Ол осылайша 1499 жылы соғыссыз Бұхараны, 1500 жылы Самарқанды басып алады. Қазақ хандығы иелігіндегі Түркістан, Сығанақ, Сауран қалаларын да басып алып, 1504 жылы Хисар, Құндыз, Бадахшам, Балх, кейін Хорезм мен Гератты өзіне қаратады. Көп ұзамай Иранның Мешхед және басқа да қалаларын иемденеді. Алайда бұл үстемдік ұзаққа созылмайды. Ол 1509–1510 жылдары Сыр бойындағы қалалар үшін болған соғыста Қасым хан бастаған қазақ қолымен кездесіп, Абдаллах Балхидің «Зубдат әл-асар» атты шығармасында жазылғандай, ойсырай жеңіледі. Артынша дәл осы жылы Ирандағы Сафавидтер әулетінің билеушісі Шах Исмаилге қарсы жорық ұйымдастырып, Мерв маңындағы Мургаб өзенінің жағасында Тахрирабадта жеңіліске ұшырап, тұтқынға түседі. 1510 жылы 12 желтоқсанда Исмаил шахтың бұйрығымен басы алынады.
Мұхаммед Шайбани хан аз уақыт билік еткен мерзімде өзін текті әулеттен тарайтын көреген билеуші, батыр қолбасшы әрі терең ойлы парасат иесі екенін көрсете білді: ол, біріншіден, Түркістанда ірі мемлекет құрған ұлы билеушілердің соңғысы болды, Мәуреннахрдың тұтас территориясын сақтап, оны Тұранның Иран шекарасына дейін жеткізіп, үлкен аумаққа иелік етті; екіншіден, Орта және Батыс Азиядағы өзара тайпалық соғыстарды тоқтатты; үшіншіден, ғылым мен өнердің өркен жаюына жағдай жасап, сүнниттік сенімді нығайта отырып, шиизмге қарсы күресті.
Шайбани хан еліміздің терең тарихында айрықша із қалдырған, алайда әлі күнге лайық бағасын ала алмаған тегеурінді тұлғалардың бірі екені сөзсіз. Сондықтан, менің ойымша, Шайбани ханның тарихын өскелең ұрпақ білгені абзал. Ол үшін Фазлуллах ибн Рузбиханның «Мехман нама-и Бұхара» атты кітабын оқу керек.
Серік НЕГИМОВ,
Қазақстанның
еңбек сіңірген қайраткері,
профессор