Арық қазған су ішеді

Жақында Нұржан Садырбекұлы деген тарихшы Қазақстанның  орталық мемлекеттік мұрағатынан 1888 жылы Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы Н.О.Розенбах мақұлдаған «Ирригациялық шенеуніктердің, арық-ақсақалдардың және мирабтардың  Түркістан өлкесіндегі ирригацияны басқарудағы құқықтары мен міндеттері жөніндегі нұсқауын» тауып алып, оның көшірмесін маған жіберді. Онда қазіргі кездің ең бір басты мәселесіне айналған су жүйесін басқарудың  тиімді жолдары көрсетілген. Сондықтан бұл дүниені «Оңтүстік Қазақстан» газетінің оқырмандарымен бөлісуді жөн көрдім.

Жоғарыда аталған нұсқаудан бұдан 150 жыл бұрын Түркістан өлкесінің барлық су жүйесі жергілікті халықтың тікелей бақылауында және басқаруында болғандығын, суға қатысты барлық жұмыстарды олардың ішінен  шыққан  арық-ақсақалдары мен мұраптар атқарғанын байқауға болады. Онда, арық-ақсақалдарды  жұмысқа алу мен жұмыстан шығару тек генерал-губернатордың бұйрығымен жүзеге асырылатыны айтылған. Арық-ақсақалдарға бас арықтарды басқару жүктелген. Олар бас бөгеттерді, тоғандарды, суағарларды, су бөлгіштерді және өзіне қарасты бас арықтардың жағалауларын жарамды етіп ұстауға, сонымен қатар, арықтағы ағын сулардың деңгейі мен мөлшерін  жанама арықтарға белгіленген әдет-ғұрыппен керекті мөлшерде ұстауға міндетті болған.

Мұраптарды тағайындау мен жұмыстан шығару ауылдық жиындарға жүктелгені көрсетілген. Мұраптар жанама арықтарды басқарған. Олар өздерінің қарауына берілген арықтарды толығымен жарамды етіп ұстауға міндетті болған, өңделген жерлердің суға деген сұраныстарын қанағаттандырып қана қоймай, суды шектен тыс ысырап етпеуге тиіс болған.  Сонымен қатар, олар арықтардың басын  және ондағы барлық құрылымдарды: бөгеттерді, суағарларды, тоғандарды, құрғақтауға арналған арықтарды толығымен жарамды етіп ұстауға, дұрыс әрекеттер жасауға және судың деңгейі мен арықтардың түбін бақылауға, оларды дер кезінде лайдан, балдырлар мен шөптерден тазартып отыруға міндетті болған.

Арық-ақсақалдар мен мұраптар елді мекендердегі адамдардың ішінен таңдалып алынған, оларға арықтардың маңыздылығына сай бірнеше оңдаған рубльден 300 рубльге дейін жалақы төленген (Ол кездегі бір рубль 11,7 гр. күміске тең).

Генерал-губернатордың бұйрығымен тағайындалған арық-ақсақалдардың тізімінің ішінде Бекасыл әулие деген атпен белгілі, «Зикзал» деген еңбектің авторы Бекасыл Биболатов (жалақы алмай жұмыс істеген), Төлеби ауданына қарасты Қасқасу елді мекенінің  тумасы Битбай Жарықбасов пен Түркістан өлкесінің сол замандағы ең абыройлы және құрметті адамдары бар (Ол тізіммен bekasyl.kz сайтындағы «кітаптар» деген бөлімінде танысуға болады).

Жоғарыда аталған «Зикзал» деген кітапта  адам өміріне ең керекті және пайдалы кеңестер берілген. С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ғалымдары кейінгі жылдары «Зикзалда» келтірілген  деректер мен кеңестерді жан-жақты зерттеп, ол кітапты медициналық  энциклопедия деп бағалаған. Сол кітапта Бекасыл әулие адамдар үш түрлі себептен ауырады деп көрсетіпті: лас суды ішкеннен, суықтан және «қара күштердің» зиянкестігінен. Оның айтуынша, лас суды ішкен адам сарыауруға (гепатитке) шалдығады. Ал, сарыауру басқа аурулардың бірден-бір көзі боп табылады.

Сондықтан болар, Бекасыл әулие өзі туып-өскен Қарасора деген ауылдағы бұлақтардың айналасындағы 50 гектар жерге орман егіп, бұлақтардың көзін ашып, арықтар қазып, сол  ауылға жақын елді мекендерді таза сумен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлген және ол жұмыстарды, жоғарыда көрсетілгендей, тегін атқарған.

XIX  ғасырдың сексенінші жылдары Бекасыл әулие мен Битбай Жарықбасов сияқты адамдардың бастауымен теңіз деңгейінен 4200 метр биіктегі таудың басында  «Тоғанбұрған» деген тоған тұрғызып, оның суын «Жалпақсай» арқылы төменге  түсіріп, қазіргі Төлеби ауданына қарасты Жоғарғы Қасқасу ауылының үстіңгі жағынан  арнайы арық қазып, сол арқылы суды Төменгі Қасқасу, Керегетас, Диханкөл, Қоғалы және Бесбала елді мекендеріне жеткізген (кейіннен, яғни XX ғасырдың 30 жылдары Бекасыл әулиенің шәкірті Қазанғап Байболов ол арықты Большая  және Малая Успеновка дейтін ауылдарға дейін ұзартып, оны Ұзынарық деп атаған).

2023 жылдың тамыз айында «Су ресурстары-Маркетинг» ЖСШ-ың бас директоры А.Орманов  пен аталған мекеменің аппарат басшысы А.Ақшаевпен бірге мен жоғарыда аталған «Тоғанбұрғанға» барып қайттым. Бұдан бір жарым ғасыр бұрын аспан астындағы соншама биіктікте тек күректің, кетпен мен қайланың көмегімен салынған тоғанның аумағы мен тасты қашап жасаған бөгеті әлі сол күйінде тұр. Тек  бөгетке дейінгі арықтың бірнеше жерін су шайып кетіпті, сол жерлерден су Өгем шатқалына ағып барып, ондағы Өгем өзенінің суына қосылып Өзбекстанға кетіп жатыр. Тоғанды көріп, оны салған аталарымыздың білімі мен біліктілігіне, күш-жігеріне таң қаласың.

Су мамандарының пікірінше, қажет болған жағдайда тоғанды қалпына келтіріп немесе оның аумағын едәуір кеңейтіп, суын Төлеби ауданындағы суармалы жерлерді суаруға пайдалануға әбден болады.

Кеңестік замандағы су мамандарының есебі бойынша, жоғарыда аталған Өгем өзені бір миллион халқы бар, өнеркәсібі дамыған қаланы сумен толығымен  қамтамасыз ете алады. Олардың айтуынша, су тапшылығы орын алған өткен ғасырдың 80-ші жылдары Өгемнің суын бұрып, оны Шымкент қаласына  жеткізуге қатысты жоба Одақ көлемінде талқыланған. Бірақ, Кеңес Одағы ыдыраған соң, ол жоба іске аспай қалған. Менің естуімше, белгілі кәсіпкер С.Сейтжанов қазіргі кезде сол жобаны іске асыруға әрекеттеніп жүрген көрінеді.

Бекасыл әулиенің тарихын терең зерттеген Қанат Пошатайұлының айтуынша, Бекасылдың атағы мен даңқы сол кездегі Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы М.Черняевқа жетіпті. Сөйтіп, ол жаз айларының бір күнінде пәуескемен Сайрамсу өзенінің жағасына келіп, шатыр тіккізіп, сол жерге Бекасыл әулиені шақыртып, онымен татар тілмаш арқылы бірнеше күн бойы ұзақ әңгіме-дүкен құрыпты, ақыл-кеңес сұрапты, онымен бірге атпен тауды аралапты, қоштасарда Бекасылдың иығына шекпен жауып, таза күмістен жасалған револьвер сыйлапты. Ал, тілмаш болса сол күндері Бекасылдың суретін салып үлгеріпті.

Сол револьвер Бекасылдың немере інісі Пошатайдың үйінде  сақталыпты. Ол кісі қайтыс болған соң аталған  револьверді оның ұлы Қанат өткен ғасырдың 70-ші жылдарына дейін тығып ұстапты. Бір күні сол револьверді Аңсар деген баласы тауып алып, үйдегі кішкентай балаларға кезеніп отырғанын көріп, оны Шымкенттен пеш салуға келген татар жігітке беріп жіберіпті.

М.Черняев 1882-1884 жылдары Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы болғаны тарихтан белгілі. Сол жылдары Түркістан өлкесінің таулы аудандарына «қарашекпенділер» қоныстана бастаған, олар жергілікті халықты отырған  жерлерінен ығыстырып, жер мен су үшін түрлі жанжалдар мен қақтығыстар орын ала бастаған. Менің пайымдауымша, М.Черняев Бекасылмен аталған қақтығыстарды бейбіт жолмен шешу үшін кездескен, онымен бірге Сайрамсу өзенінің бойы мен тауды аралаған кезінде «Тоғанбұрған» мен таудың етегіндегі арықтарды көріп, оларды басқару жүйесіне қызығушылық танытқан. Қалай болғанда да, сол кездесуден кейін М.Черняев Түркістан өлкесіндегі ирригациялық жүйені ретке келтіріп, оларды елге сыйлы адамдар арқылы басқару туралы шешім қабылдаған.  Өйткені,  ондай ақсақалдарды генерал-губернатордың бұйрығымен тағайындау,  мұқабадағы жазуларға қарағанда,  1882 жылдың 9 қазанынан  басталып, 1890 жылдың 3 тамызына дейін жалғасыпты. Яғни жоғарыда аталған «Нұсқау» М.Черняевтің кезінде қолданысқа енгізілген. Сондықтан Бекасыл әулие мен Битбай Жарықбасовтың және басқа да абыройлы адамдардың сол тізімде болуы тектен-тек емес.

Бұл деректер ХIX ғасырдың өзінде халықты сумен қамтамасыз етуге, суды тиімді пайдалануға ерекше көңіл бөлінгенін көрсетеді. Ал, ол заманда   қазіргі кездегідей арнайы  техникалар болмағаны, барлық жұмыстар білек пен күректің күшімен атқарылғаны мәлім.

Өкінішке қарай, ата-бабаларымыздың сол тәжірибесі ұмыт болды, Қазан төңкерісіне дейін және кеңестік заманда қалыптасқан су жүйелері мен көптеген каналдар, арық-атыздар тәуелсіздік жылдары қараусыз қалды, кейбіреулері облыстық су құрылымдарының қарамағына берілді немесе жекешелендірілді, сөйтіп, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Олар осы кезге дейін тек суды шаруаларға сатумен ғана айналысты, олардың қарауындағы каналдар мен арықтардың көбі дер кезінде тазаланбады, табандары лайға, шөп-шалам мен күл-қоқыстарға толды.

Елді мекендерге жол салғанда  жаңбыр мен қар сулары ағатын жерлерге құбырлар қойылмай, көктем күндері мен жаңбыр жауған кезде көптеген елді мекендерді, жолдарды су алып кететін болды.

Ресми мәлімет бойынша, қазіргі кезде Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарындағы ирригациялық жүйелердің 40 пайызы (14 мың шақырым) жарамсыз болып қалған, соның салдарынан су жер астына кетіп, суармалы жерлерге су бармай қалған. Бұрынғы Экология және табиғи ресурстар министрі З.Сүлейменованың дерегіне қарағанда, аталған облыстарда көлемі 5 миллиард теңгеге тең көлеңкелі су базары  пайда болған.

Сонымен қатар, көптеген ауылдық жерлерде қыруар ақшаға салынған   су құбырлары түрлі себептермен жұмыс істемейді. Екі мыңға жуық елді мекен әлі күнге дейін ауыз сусыз отыр.

Кейінгі жылдары Астана қаласы мен еліміздің  бірқатар өңірлерінде су тапшылығы анық байқала бастады. Сондықтан болар, 2023 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев Су ресурстары мен ирригация министрлігін құру туралы шешім қабылдап, ол министрлікке суды үнемдейтін технологияларды кеңінен енгізуді, көршілес елдердің озық тәжірибелерін үйренуді, суды пайдалану кезінде ысырапшылдыққа жол бермеуді тапсырды.

Президенттің  осы тапсырмасын орындау кезінде, оңтүстік өңірлердің билігі мен жаңа министрліктің басшылығы жоғарыда аталған «Нұсқауға» назар аударса дұрыс болар еді деп ойлаймын. Өйткені, онда жазылғандарды  қазіргі кезде де тиімді пайдалануға болатынына сенімдімін. Сондықтан оны басшылыққа алып, елді мекендердегі су саласының өзекті мәселелерін шешуге және бақылауға жергілікті халықты жұмылдыру керек деп санаймын. Сонымен қатар, С.Сейтжановқа қолдау көрсетіп, Өгемді Қазығұрт тауының тұсынан бұрып, оның суын Қазығұрт, Сарыағаш, Келес, Жетісай мен Мақтаарал аудандарына жеткізіп, аталған аудандардағы су тапшылығын түбегейлі шешуге шақырамын.

Ержан ИСАҚҰЛОВ, 

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

Түркістан облысының құрметті азаматы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*