Қоқан хандығы Оңтүстік Қазақстанда билігін жүргізіп тұрған заманда бабам
Биболат Сарыбатырұлы «Пансат» дәрежесіне жеткен жан болған екен. Яғни, қазақ жігіттерінен құралған бес жүз әскерді басқаратын адам.
Тегі бар, көзі ашық, көкірегі ояу жанға тәуелсіздік ұлы бақыт та, тәуелділік деген ең ауыр азап дүние ғой.
Қазақтың соңғы ханы Кеңесары Қасымұлының Созақ бекінісін Қоқан хандығының илеуінен құтқару үшін жорыққа аттануына бірден-бір себеп болған осы Пансаттардың астыртын жеткізген қаралы хабары себеп болған.
Сарыарқадан арып-ашып жеткен Кеңесары әскеріне жүз ат пен ішіп-жем, тамақ жеткізген бабамыз Биболат екен.
Қоқан хандығының әрекеттері сұрқия тірліктерімен тарихта қатталып, Сайрам қаласында орналасқан сол хандықтың жәдігөйлері қазақтың өрімдей жас қыздарын салық ретінде меншіктеп алып, бір сәттік ләззат үшін «Қатын етіп» қойнына басқанына тарих куә.
Қоқан билігіне көнбегені емес, жағдайының жоқтығынан салық төлей алмаған қазақ шаруаларын қадаға отырғызып кеткені де елге аян.
Ол жөнінде көнекөз қариялар сол бір аласапыран заман туралы әңгімені былай өрбітеді.
Өсіп тұрған ағаштың жобаға келеді-ау деген діңгегін кесіп алып, қабығын аршып, басын үшкірлеп жерге түп жағынан қағып бекітеді. Қада жерге нығыздалып орналасқан соң, салық төлемеген ер адамды артқы жамбасынан сол қадаға отырғызып кетеді екен Қоқан жендеттері. Артқы жамбасынан кірген қада, әлгінің бүкіл ішек құрлысын бұзып өтіп, асқазанына дейін тіреледі екен.
Яғни, азаппен қиналып өледі деген сөз.
Қарап тұрсаңыз түркі халықтарына жат дүние.
Парсы дүниесі. Парсының қылығы.
Тарихты қанша ақтарсаң да, түркі халқының мұншалықты озбырлығы еш бір жерде көрініс бермейді.
Әлқиса, әңгімеге оралайық. Биболат, Қасымханның әскеріне жүз ат жеткізгені Қоқан хандығының құлағына жетіп, бабамды Сайрамға шақырады. Ләм-мим демейді. Жақсылап күтіп шығарып салады. Қарамұрт пен Сайрам арасы алыс емес, Бабам Биболат Қарамұрттағы шаңырағына жете бере аттан омақаса құлайды. Бабалардың әңгімесіне қарағанда ердің үзенгісіне у жағып жіберген дейді. Удың атын «Алмаз» деп атайды екен. Ол у адам бойына жәй-жәй тарайтын көрінеді. Әр адам атқа мінер кезінде міндетті түрді бір қолымен үзеңгіні ұстап, екінші қолымен ердің басын ұстайтыны белгілі. Соны аса ұқыптылықпен орындап, ерттеулі ердің үзеңгісіне у жағып, Қоқан хандығы өшін алады бабамнан.
Биболаттың ең сенімді серігін тұз қапшықтар жиналған қоймада жатқан жерінде үстіне тұз қапшықтарды құлатып жіберіп, өлтіреді.
Бекасыл бабам естеліктерінде, -Көрші ағайынға өкпем қара қазандай-деп кеткен шындық міне осы.
Әлқиса, Биболат өлген соң артында Байшымыр, Бишымыр, Бекасыл атты балалары жетім қалады.
Байшымыр мен Бишымыр ересектеу Бекасыл жас, оған қой баққызып қояды екен.
Бір күні Түркістаннан зекет жинауға бірнеше атты кісі келеді. Бекасыл бабам сол кісілерге кезігіп қалғанына қуанады. Қой жайып жүрген бала алғаусыз көңілмен- Қойлардың ішіндегі мына бір қошқар өте семіз, зекетке осы қошқарды алыңыздар- дейді.
Әлгілер, семіз қошқарды елден жинаған зекет малдарына қосып, ойын баласы Бекасылға батасын беріп, жолға шығады.
Кеш те батады. Бекасыл қойларды айдап келгенде алдынан күтіп алған екі ағасы, қойды түгендей келе қой арасында жүретін түкіті қошқардың жоғалғанын бірден аңғарады. Сұрақ-жауап басталады. Мәселенің қанығына жеткен соң екі ағасы інісі Бекасылды сабап алады.
Екі ағасына өкпелеген Бекасыл түнге қарай -Қарамұрт қайдасың- деп ренжіп жолға шығады.
Өзіне қарай жолға шыққан Бексылды тылсымның құдіреті арқылы сезіп қойған Ишан, оның алдынан атты жорықшыларды жіберіп, Ишанның көмекшілері жарты жолда өрімдей жас бала Бекасылды күтіп алады.
Атына міңгестіріп, Қарамұртқа әкеліп, жақсылап қонақ қылады. Ас суын береді. Ертесіне астына ат мінгізіп, қоржынына аттың басындай екі тұзды салып беріп тұрып, -Еліңе бар, екі ағаңның жинаған бір отар қойына «Топалаң» атты ауыру келді. Қоржыныңдағы тұзды жалаған қой аман қалады, жаламағаны түгел қырылып қалады-деп шығарып салады.
Бекасыл желдіре отырып еліне жетсе, қойлар шетінен қырылып, екі ағасы Байшымыр мен Бишымыр топалаң тиген малды сойып үлгермей жатыр екен.
Бекасыл келген бойда қоржындағы тұзды отар ішіндегі қойлардың арасына тастайды. Тұзға ашыққан қойлар жабыла жармаса әлгі тұзды жалап шығады. Ол тұзда қандай ем болғаны Аллаға аян.
Соның арқасында екі ағасының қойлары аман қалған екен.
Зекеттің құдіреті деген осы.
Абдулмахмуд Пошатаев