Бүгінгі Түркістан облысының Қазығұрт тауы мен Ақсу-Жабағылы қорығының аралығында тарихы терең Төлеби ауданы орналасқан. Жұрт бұл өлкені «адамзаттың топан судан кейін өсіп-өнген бесігі» ретінде киелі жер санайды. Табиғатының сұлулығы, өсімдігі мен жан-жануарлар дүниесінің әр алуандығы баршаға мәлім.
Төлеби ауданына қарасты тау бөктеріндегі Сайрамсу, Мыңшейіт, Қарасора (қазіргі аты Кеңесарық), Қасқасу, Керегетас, Диханкөл, Нысанбек, Біркөлік,Төңкеріс, Қаратөбе, Майбұлақ елді мекендерінің маңайында көне қалашық, қорған, тарихи-ескерткіш, қарауылтөбе орындары аз емес. Ал Сілбілі өзенінің бойындағы жартастардан ежелгі суреттер мен сына жазулар табылды. Бұл туралы белгілі өлкетанушы Өмірбек Шыныбекұлының 2017 жылы шыққан «Қара шаңырақ‒Қарасора, құтты мекен ‒ Сайрамсу» атты кітабынан оқуға болады. Онда Есім ханның ордасы мен осы аймақтағы тарихи оқиғаларға қатысты құнды деректер кездеседі.
Ауданның мәдениет бөлімін ұзақ жыл басқарған Әсет Кембаев тарихи ескерткіштердің географиялық орны мен аңыз-әпсаналарын құнттап жүруші еді. Бірақ ол дер кезінде қағазға хатталмағаны өкінішті-ақ.
Біз бала кезімізде Қарасора іргесіндегі Есім ханның ордасы аумағында ойнап жүріп, талай қыш құмыра мен құбырлар, қылыш пен қанжар, жебе мен садақ оқтар сынықтарын тауып алушы едік.
Кеңес заманы келмеске кетіп, ұжымшар жерлері жекеге берілді. Сол жерлерді игеру кезінде қаншама көне заттар табылды. Солардың ішінде 1985 жылы Сәттіқұл Қамбаров пен Нұрлыхан Рахметуллаев Қарасора егінжайынан тапқан құмыра археолог А.Н.Подушкиннің пікірінше, кемінде 2000 жыл бұрын жасалыпты. Құмыра табылған жертөле діни ғибадатханаға ұқсайды.
Кейінгі жылдары Көксәйек ауылының тұрғындары Әлмұхамед Жанаев пен Мұратбек Өтебаев Мыңшейіт, Қорғантас, Орда хан деп аталатын қорымдар маңайындағы өздеріне тиесілі жерлерден 350-ге жуық күмістен, қоладан, мыстан, ақ және сары түсті металдардан, темірден соққан монета, білезік, жүзік, мыс ыдыстар мен жебе ұштарын тауып алып, 2024 жылдың маусымында бізге көрсеткен еді. Ол заттарды Шымкент қаласында орналасқан Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми зерттеу бөліміне өткіздік. Мұндағы бөлім меңгерушісі Андрей Донец пен аға ғылыми қызметкер Айсұлу Ержігітова жәдігерліктерді тоттан тазартып, атрибуциясын анықтап берді. Ал тарих ғылымдарының кандидаты П.Н.Петров күміс және мыс монеталардың қай дәуірде, қандай мемлекетте жасалғанын анықтауға көмектесті.
Ғалымдардың пікірінше, жебе ұштарының тоғызы – сақ дәуірінде (б.з.д. VIII–VI ғ.ғ.), екеуі – V–VIII ғасырда, ал қалған жетеуі – IX–XIII ғасырларда жасалыпты. Күміс монеталар (дирхемдер) Қараханид (XI ғ.) пен Әмір Темір мемлекеттерінде (XIV ғ.), Қазақ хандығы мен Бұхарада хандық құрған Жанидтер әулеті мемлекеттерінің (XVII–XVIII ғ.) ақшалары. Ал мыс монеталар – Түргеш қағанатында (VIII ғ.), саманидтер мен қараханидтердің (X–XI ғ.), XIII–XV ғасырларда Хорезмде, Отырарда және Таразда билік еткен Шыңғыз ханның ұлдары Жошы мен Шағатай ұрпақтарының, тимуридтердің (XV ғ.), шайбанилердің (XVI ғ.), Қоқан хандығы (XIX ғ. ) мен Қытай мемлекетінде (XVIII–XIX ғ.) соғылған ақшалар. Білезіктер мен жүзіктер XI–XX ғасырларда жасалған. Дөңгелек пішінді ыдыс IX–XII ғасырларда қоладан дайындалған. Шеңбердің шеті тісті белбеумен безендірілген, ыдыстың ортасында әйел басты қанатты арыстан бейнеленген, оның айналасында өсімдіктерден тұратын шеңбер ‒ өрнек орналасқан. Мұндай заттар IX–XV ғасырларда түрік-селжүк мемлекетінде, Тәжікстанда, Әзербайжан мен Иранда жасалған. Оларда бейнеленген арыстандар – жоғарғы биліктің, патшалар әулетінің, әділдік пен нұрдың рәмізі.
Сонымен, Төлебиден табылған көне заттардың жасалған уақыты біздің заманымызға дейінгі VIII ғасырдан XX ғасырға дейінгі 3 мың жылды қамтиды екен. Әрине, бұдан соң оқырман ойына «ол көне заттар Төлеби ауданына қалай келген?» деген заңды сұрақ келуі мүмкін.
Осы сәтте көкірегі ояу әрбір қазақтың есіне «Қазығұрттың басында кеме қалған, кереметі болмаса неге қалған?» аңызы түсетіні сөзсіз.
Ортағасырлық араб, парсы, түрік тілдеріндегі жазба тарихи деректерде Нұхтың (а.с.) ұлы Яфес топан судан кейін Уртақ (қазіргі Талас Алатауы) пен Куртақтың (қазіргі Қаратау) баурайына келіп, сондағы Талас пен Сайрамның аралығында көшпелі өмір сүрген. Аталған өңірде өсіп-өнген өзінің ұрпақтарын солтүстікке, солтүстік-шығысқа, солтүстік-батысқа аттандырған. Яфестің Түрк деген ұлынан тараған ұрпақтардың барлығын «түркілер» деп, ал олардың жалпы өмір сүрген аумақтарын «Түркістан» деп атаған (Түркістан – екі сөзден тұрады: «Түрк» және «стан» деген көне түрк сөздерінен құралған. Түрк – «ақылды, дана, данышпан» деген мағана береді; «стан», «ел» және «мемлекет» деген мағынада айтылады. Сонда «Түркістан» Түрк мемлекеті дегенді білдіреді). Түркілер адамзат баласының ең көне халқы қатарында деуге негіз бар.
Жалайыр Ақтан сопының 1730 жылғы «Біздің тарихымыз» атты еңбегінде Түркті жеке тұлға ретінде атап, денесі Сайрамға қойылған делінеді. Сайрам деген атау «тақ мұрагері» дегенді білдіреді. Ескі еңбектерде «Сайрам – Түрктің Тұр деген ең кенже ұлының лақап аты. Ол ат оған Түрк қайтыс болған соң, оның тағына отырғаннан соң берілген…». Қазіргі Төлеби ауданындағы тауда Сайрам атты ең биік шың бар. Сайрамсу сол шыңнан бастау алады. Осы өзен қиып өтетін қазіргі Төлеби ауданы мен байырғы Сайрам қаласы іргелес.
Рашид ад-диннің 1316 жылғы «Жамиғ ат-Тауарих» атты парсы тіліндегі еңбегінің 47-бетінде көне Сайрам туралы мынандай дерек келтірілген: «…Кәрі Сайрам – өте көне әрі аса кең де үлкен қала. Қаланы көргендер оның басынан аяғына дейін бір күндік жол және онда қырық қақпаның бар екенін жеткізеді. Қазіргі кезде онда мұсылман түркілері өмір сүреді. Сондай-ақ ол Қайдуға (Шыңғыз ханның шөбересі,Үгетайдың немересі – Е.И.) тиесілі және Қунчи ұлысына жатады. Қайдудың ұрпақтары мекендейтін жерлер сол араға жақын орналасқан».
Ғұлама Бекасыл Биболатұлының (1822–1915) «Зикзал» атты еңбегінің 271–275-беттерінде Сайрам туралы (бір кездері ол Испинжаб аталған) төмендегідей өте құнды дерек жазылған: «Күншығыста бір мекен бар, ол мекен бейіштің шырағы екен. Ол мекен ‒ Шығыстың жауhары. Ол – Ыдырыс (Алланың оған сәлемі болсын!) пайғамбар келіп зиярат етіп кеткен жер. Оған қоса Испинжаб – он екі мың асыл кісі шаhид болған жер… Жеті қабат аспанды Испинжабтың нұры нұрландырып тұрады… Қайсы кісі ол мекенге барып, ықыласпен ол жерде екі ракағат намаз оқыса, жетпіс мың ракағат намаз оқығандай сауап алады… Әрбір мүмін пенде ол жерге барып шын көңілінен кешірім сұрайтын болса, Алла Тағала оның істеген күнәларын Әзірет Ыдырыс (Алланың оған сәлемі болсын!) пайғамбардың құрметіне кешіріп, оны таза етеді».
Сайрам өзенінің оң жағалауындағы Қарасораның іргесінде Есім хан ордасының жұрты бар. Барлық қазақ хандарының атасы саналатын Жошы ұрпақтары ішінде Есім ханның алатын орны ерекше, өйткені ол – хандықтың аумақтық тұтастығын кеңейтіп, Түркістанды түгел билеген, орталық билікті күшейтіп, 47 жыл бойы (1598–1645) қазақ пен қырғызды бөлмей, бір шаңырақ, бір тудың саясында ұстаған, қазіргі Қазақстан территориясының негізін қалыптастырған, Орта Азияның геосаясатына үлкен өзгеріс енгізген ірі тұлға. Сондықтан ел арасында «Хан төресі – Есім хан, би төресі – Төле би» деген аталы сөз айтылады.
«Есім ханның ескі жолы» деген заңдар жиынтығы елдің әлеуетін арттырып, ұлысты ұйыстырып, өрісін кеңітіп, шекара-шебін шегендеп, ұрпақ жадында мәңгі сақталып қалған.
Әйгілі хан туралы қазақ пен қырғызда жыр-дастан, аңыз-әңгіме көп. 7 мың жолдан тұратын Қазанғап Байболұлының «Еңсегей бойлы ер Есім» эпосы мен қырғыз Тоғалақ Молданың «Энчегер бойлуу эр Эшим» атты эпосы әдебиет тарихына енген.
Өңірдің бұрынғы көнекөз қариялары «Есім ханның ордасының жанындағы молада Кенесары ханның бассыз денесі жерленген» дейтін. Өкінішке қарай, осы күнге дейін Есім ханның ордасына археологиялық қазба жұмысы жүргізілмеген, сол себепті Кенесары хан сүйегі туралы дерек тексерілген емес.
Есім ханның денесі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңына жерленгені белгілі. Бұдан басқа Жошының кіндігінен тараған қазақ хандарының бірде-бірі Әзірет Сұлтанға қойылмағаны ойландырады.
Жергілікті халық жадында Төлеби ауданындағы Мыңшейітке қатысты мына дерек айтылады: «Ежелгі заманда жерімізді жаулауға келген арабтың Күтейб деген қолбасшысы Есім хан ордасының орнында болған қамалды көп уақыт бойы ала алмай, әскерін Сайрамсудың оң жағалауындағы Жергентал өзенінің бойына аялдатыпты. Оны күнде көріп-біліп отырған қамалдың басшысы бойжеткен қызын шақырып алып: «Қызым, мен сені арабтың қолбасшысына бергелі отырмын. Сен онда барған соң, арабтардың осал жерін біліп, маған хабар бер», деп өтініш айтыпты. Ол қыз біраз уақыттан соң әкесіне: «Арабтар намаз кезінде барлық қару-жарағын шешіп тастайды екен», деген хабар жіберіпті. Осыдан соң, қамалдың басшысы сәтін тауып, намаз оқып отырған араб әскерін қоршап алып, бәрінің басын шауып тастайды. Кейіннен олардың денесі жерленген қорымды жергілікті халық Мыңшейіт деп атап кетіпті». Бізге жеткен аңызда «Сол әскердің ішінен біреуі ғана аман қалып, еліне барып, әскер жинап, жиырма жылдан кейін осында қайтадан келіп, халқымызға ислам дінін таратыпты» делінеді.
Қалай дегенде осы деректер мен табылған жәдігерліктер қазіргі Төлеби ауданының аумағы көне түркі заманының бір шаңырағы, ата қонысы, алтын бесігі, құтты мекені, тоғыз жолдың торабы болғанын аңғартады.
Кейінгі жылдары осы аудандағы тау қойнаулары мен өзен жағалауларында демалыс орындары соғылып, шетелдік және отандық туризмнің көркіне айналды. Әрине, осы саланы дамыта түсу – елдің де, өңірдің де міндеті.
Біздіңше, Төлеби ауданының туристік әлеуетін көтеру үшін Есім ханның ордасы мен оның маңайындағы киелі жерлерге тиісті археологиялық зерттеулер жүргізіп, оны ашық аспан астындағы музей ету қажет. Осы орайда Қазақстанның құрметті сәулетшісі Асқар Әзімбаев дайындаған «Есім хан сәулеттік-монументалды ескерткіші» жобасы заманауи бастама деп санаймыз. Енді оның жүзеге асуы баршамыздың береке-бірлігімізге байланысты.
Сонымен бірге Кеңесарық ауылында Түркістан облыстық өлкетану музейінің филиалын ашқан абзал. Оған керекті ғимарат пен экспонат дайын. Мұнда көне жәдігерлермен қатар кейінгі заманда Қарасораның бір өзінен шыққан Бүкілодақтық суретшілер одағының 18 мүшесінің туындысын қою өткен мен бүгінді жалғастырған жақсы дәстүр болары анық.
Төлеби ауданының халқы осы жоба мен ұсыныс ел үкіметі басшылығы мен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров тарапынан қолдау табады деп үміттеніп отыр.
Ержан Исақұлов,
саяси ғылымдар докторы, Түркістан облысының құрметті азаматы