БЕКАСЫЛ ӘУЛИЕ

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру мақаласында «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды», деп тура жолдың бағытын айқындай келе: «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек», деп нақты жолды көрсетіп берді.

Осының аясында қазақ даласынан шыққан даналарымыздың, ғұламаларымыздың есімін қайта жаңғыртып жатырмыз.

Солардың арасында Бекасыл Биболатұлы — түбі бір түркі жұрты руханиятының орнығуына мол еңбек сіңірген рухани ұстаз ретінде халықпен қайта қауышып, танымал бола бастады.

 

Мырзатай Жолдасбеков

Мемлекет және қоғам қайраткері

Адам баласы өзінің ұзына бойы тарихында сан түрлі адасуды басынан кешіп келеді. Мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан қасиетті ілімге тыйым салған, дінді қудалаған тоталитарлық жүйенің зияны мен залалы аз болған жоқ. Соның салдарынан ата – бабаларымыз ғасырлар бойы жиған асыл мұралары өртенді, жойылды; қалыптасқан ілім, білім, сана, руханият күйреді. Бәрібір, қалай дегенде де, адамзат жасаған мәдениет, ұшты – күйлі ешқашан жойылып кеткен жоқ, қайсыбірі сақталды.

«Айдың он бесі қараңғы болса, он бесі жарық» демекші, еліміз егемендік алып, жоғалғанымыз табылып, өшкеніміз қайта жана бастаған кезде бабаларымыздан бізге аман жеткен кейбір баға жетпес жәдігерлер табылып, ұрпақтарымен қайта қауышуда. Мұндай шығармалардың мұраты – ізгілік, адамгершілік, мейірімділік, әділдік, отансүйгіштік, жақсылыққа баулу, жамандықтан жиркендіру, көмектесу, ауырды жеңілдету. Ол шығармалар қай заманда да құндылығын жоғалтпайды, ел мұратына қызмет ете береді.

Осындай құнды жәдігерлердің бірі де бірегейі – Бекасыл Биболатұлының «ЗИКЗАЛ» атты кітабы.

Бұл – аса маңызды ғылыми мәліметтер шоғырланған, қасиетті әрі құнды шығарма. Жоғарыда айтылғандай, басынан бағы тайып, тіршіліктің тар жол, тайғақ кешулеріне кездесіп, торыққан, неше түрлі қиын сынақтарға тап болып, қиындықтан шығатын жол таппай сеңделген, дертке шалдығып жаны жүдеген, перзентке зар болып қасірет шеккен, өмірден түнілген адамдарға өмір тылсымдарының сырлары мен құпияларын ашып, дертіне дауа болатын ғылыми мәліметтердің, шешімдер мен тұжырымдардың, қағидалар мен нұсқаулардың, нақтылы ақыл – кеңестер мен ұлағатты өсиеттердің жинағы баяндалған ғылыми жауһар. Сондықтан бұл шығарманы ғылымда өте сирек кездесетін, ерекше құнды, аса пайдалы, рухани әрі дүниауи ғылымдардың тың мәліметтері жинақталған бірегей туынды деп бағалау орынды.

Мұндай шығарманы екінің бірі жаза алмайды. Алла ондай бақытты жұрттың бәріне бере бермеген. Заманында атақты ғұламалардың бірі ретінде танылған Бекасыл Биболатұлындай ғұлама, әулие кісілерге берген.

Бүгінгі ұрпаққа ғұламадан жеткені «Зикзал» екі томдық кітабы.

2018 жылы Нұр-Сұлтан қаласында «Бекасыл әулие» жеке қоры құрылды. «Бекасыл Әулие» — bekasyl.kz интернет-порталы қосылды. Бұл асыл мұраны бойға сіңіріп, жан – жақты, терең зертеп, тағлымын, қоғамның пайдасына, адамзаттың тұрмыс – тіршілігіне пайдалануға жол ашылды деген сөз.

 

Ерлан Арын

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі «Рухани жаңғыру» институтының директоры

Елбасымыз Н. Назарбаевтың Рухани жаңғыру бағытындағы бастамасы аясында қазақ даласынан шыққан даналарымыздың, ғұламаларымыздың есімін қайта жаңғыртып жатырмыз. Солардың арасында Бекасыл Биболатұлы — түбі бір түркі жұртының руханиятының орнығуына мол еңбек сіңірген рухани ұстаз ретінде танымал бола бастады.

Бекасыл Биболатұлының «Зикзал» атты кітабы халқымыздың құнды рухани мұрасы деп қабылданады. Өйткені, ол қазақ руханиятына, ғылым-біліміне зор үлес қосты.

Ендігі кезекте зерттеушілер тарапынан арнайы түсіндірмелер жазылып, көлемді табақпен жарық көрген кітаптың негізінде портал ашылуы сөз жоқ үлкен жетістік. Жақында құрылған «Бекасыл әулие» қорының қызметінің мақсаты — Бекасыл Биболатұлының бүкіл адамзаттың қымбат жауһарларының бірі саналатын «Зикзал» атты еңбегімен қазақ халқын кеңінен таныстыру деп ойлаймын.

Бүкіл саналы ғұмырын халық руханиятына арнаған, мешіт салдырып, бала оқытқан Бекасыл баба Биболатұлы ғылым мен білімге де үлес қосқан. Оның мұралары туралы жарияланымдар соңғы он жылдықта ғана там-тұмдап жарық көруде. Бекасыл бабаның тұлғалық болмысы, шығармашылығы әлі де үлкен зерттеуді, зерделеуді қажет етеді.

Бекасыл бабаның кітаптарын оқыған адам шипагерліктің, дұғамен емдеудің, зікір байлаудың, жадыны ашудың көптеген түрлерімен таныса алады. Аталмыш еңбекте әріптердің құпия сыры, жұлдыздардың жұмбағы, мезгілдердің адамның мінез-құлқына қалай әсер ететіндігі, ауру-сырқаулардан дұғамен және қандай ем-домдармен емделу керектігі, зұлым күштер тарапынан жадыланған сәтте, одан айықтыратын Құран мен хадиске сай бекітілген дұғалар көрсетілген. Осы тақырыптар бойынша өмірлік тәжірибеден нақты мысалдар (қисса) берілген. Сондай-ақ, күнделікті өмірдегі адамдардың әдет-қылықтарының сыр-құпиясы, оны дін шарттарына сай қалай жасау керектігі сөз болады. Түрлі кәсіптердің сыры, бақытқа жетудің жұмбақтары, тарихта болған адамдардың мистикалық халге душар болған сәттері, жалпы, адам баласының әртүрлі рухани күйлері діни тұрғыда талданған.

Осыдан көріп отырғанымыздай Бекасыл атамыз адам баласының жан-жақты дамуына жол көрсетіп отырған үлгілі тұлға. Бүгінгі ұрпақ үшін бұларды білу аса маңызды.

Қазақ руханиятындағы алып тұлғалардың бірі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының Оңтүстікке сапарын баяндайтын, «Қазақ баласы оқыдым, тоқыдым десе де, Бекасыл хазірет бола ма» деген еңбегінде Бекасыл әулиенің қадір-қасиетін былай деп жазады: «Пірәдармен болған он күнімді айтып, бүгінгі жұртқа жеткізе алам ба. «Жүсіп бауырым, мына мен пақырдың көзінің майын тауысқан «Жұлдызнаманы» ермек қыл» деп қолыма кітабын ұстатты. Жеті жұрттың қамын жеп, жеті ұлттың тілімен өрілген дүниеде не жоқ дейсің. Арабтың да, Түріктің де, Парсының да тілін ұғып, сөз маржаны түзілген дүние. …Хазіреттің қара сөзі бір төбе де, ақындығы бір төбе, құлағының тесігі, көкірегінің есігі бар пендеге жетерлік. Бекасыл хазіретті көргенде, жол азабын ұмытып, бірге туғанымды көргендей күйде болдым. Бұл кісінің аузынан шыққан дүрлері, елге берген бата-тілегінің қабылдығына таң қаласың», «Миуа ағашының көлеңкесіндей бір қауым елдің дұға дарыған асылымен қош айтыстық» деп толғанады, аталарымыздың бүгінгі ұрпақтарына үйренерлік үздік үлгі танытқанын айтады.

Қазақ мәдениеті мен әдебиетінің әйгілі тұлғасы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы мен шын мағынасында «жеті жұрттың тілін білген» дегдар, оңтүстіктен шыққан атақты Бекасыл хазіреттің рухани қарым-қатынасы туралы дерек баспасөз бетінде соңғы жылдары ғана жариялана бастады. Кеңес үкіметі дәуірінде бек-билер мен көсемдердің әжуаға айналып, керек десеңіз көбі ұмытылғаны, ал жалпы қазақ тарихының кеңестік саясаттың көлеңкесінде қалып қойғаны белгілі.

Сондықтан Бекасыл Биболатұлының шығармашылығы мен еңбектерін ғаламторға шығару кейінгі өскелен буынға қажетті құнды мұра ретінде қолжетімді бола түсті.

 

Раушан КАЖИАКБАРОВА

ОҚМПУ филология факультеті қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының доценті

Бекасыл Биболатұлының екі томдық«Зикзал» атты ғибрат кітабы – халқымыздың тəуелсіздік жылдарында тапқан асыл қазыналарының бірі. Он тоғызыншы ғасырда қағазға түскен құнды қолжазба 2003 жылы Бекасыл əулиенің шөбересі, Мəжіліс депутаты болған генерал Ержан Исақұловтың қолына тигелі бері төрт рет шығарылып, ғылыми айналымға түсіп, бірнеше конференциялардың арқауы етілген. Шығарманы игеру үшін бүгінгі ұрпақ алыстап кеткен тәпсір, хадис, шариғат, пайғамбарлар тарихы пәндерінен хабардар болу шарт.

«Зикзал» тек қазақ ұлтында ғана емес, әлемдік деңгейде сирек кездесетін құнды еңбек екені ақиқат. Кітаптың негізгі бөлігі «Палнама», яғни «Жорамал ілімі». Дүние жүзіндегі «Палнама» аталатын кітаптардың тоғызыншысы екендігі туралы деректі Зәріпбай Оразбай ағылшын оқымыстысы Чарльз Амброуз Стори мен түркітанушы әрі ирантанушы орыс ғалымы Юрий Брегель сынды ғалымдардың кітабынан алған екен. Осы деректердің негізінде әлемдік деңгейдегі кітаптардың тоғызыншысы болып табылады. «Палнаманың» яғни «Жорамал ілімінің» негізі «Әбжад ілімі» екендігі соңғы аудармада анық түсіндірілген. «Әбжад» ілімі «Үлкен әбжад», «Орта әбжад» және «Кіші әбжад» болып үшке бөлінеді. Мұндай ілімді Бекасыл әулиенің дәуіріндегі медреселерде оқудың ең соңғы жылында ғана оқытатын болған екен. Мамандардың айтуынша, Әбжад ілімі – араб тілі лингвистикасының ерекше саласы, арабтардың ежелгі әліппесінің тәртібі. Осы әліппенің ең алғашқы төрт әрпінің жиынтығы (А,Б,Ж,Д) «Әбжад» деп аталған. Әбжад сөздерді жасырын шифр (кодировка) түрінде келтіруге, сол арқылы сөздердің құпия мағыналарын ашуға мүмкіндік береді екен. Кейбір ғұламалар басқаша да түсінік береді. Осман тарихшысы Қажы Халифа «Кашф аз-зунун ан асами-л-кутуб уәл-фунун» деген кітабында Әбжадқа былай түсінік береді – «Илмул филлақтират» құпиялар жайлы ілім. Әбжад ілімі – жай ғана ілім емес, ол арайлану иен иллаһи нұрлануды қажет ететін ілім. Сондықтан бұл қасиетті ілімді игеріп кітабына енгізген ғұлама өзі өмір сүрген дәуірде үлкен дәрежелі тариқат пірлерінің бірі болды.

Қоғамның барлық саласын цифрландыру маңызды міндет. Цифрландыру мәселесінде де, нумерологиялық ғылым бойынша да таптырмайтын құнды дүние екендігін айта аламыз.

Бекасыл әулие кітабының «Адамзат өмірінде кездесетін түрлі құбылыстар баяны» деп аталатын бөлімінде былай дейді: «Адам – Алланың көркем, ерекше махаббатпен жаратқан жаратылысы. Барлық әлемдердің жаратушысы жаратқан мақұлықтарының ішінде адамға ғана ой-сана, ақыл берді. Сөйлеу қабілетіне ие қылды. Адам бойында жақсы қасиеттер болса, оған бақ та, бақыт та қонады» дегенді уағыздайды. Адамға қойылатын басты талап – асыл да ізгі адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіру, ұлағатты азамат болып шығу. «Адам – өзінің адамгершілігімен, қайырымдылығымен, адалдығымен және әділеттігімен ардақты». Ғұлама, ислами ілімнің иесі «Иманның алпыстан астам тармағы бар, ал ұят – иманның бір тармағы. Ұят кімде болса, иман сонда» дей келіп, имани тәрбиенің ерекшелігін ашып көрсетеді.

Шын мәнісінде «Зикзал» тағылымы мол, көп қырлы: пайғамбарлар тарихы, ислами ақиқат ілімі, сопылық санаты, жұлдызнамалық ілім, жорамал жасау, дұғалармен емделу, бұржылық ілім негіздері, өмірдегі түрлі құбылыстар баяны, жылдар сипаттамасы қамтылған жан-жақты терең ілімді қасиетті кітап. Емшілік қыр-сыры, кәсіптің қадір қасиеті туралы ілімі де өз алдына тереңінен саралауды қажет етеді. Тылсым әлемнің ерекшелігі де қайран қалдырады. Қазақ, шығыс ертегілерінде, аңыздарында жиі кездесетін дәу, дию, тылсым дүние кейіпкерлерінен сақтану жолдары, Пайғамбарларға қатысты мәліметтер де оқырман үшін өте қасиетті жазбалар болып саналады.

Тәуелсіздік алып, ұлт руханиятының дамуына көңіл бөліне бастады. Осы орайда, Бекасыл Биболатұлының тағылымды еңбегін ғылыми айналымға енгізу қажет. Ол үшін Бекасыл Бекболатұылының еңбегін зерделейтін арнайы қор құрылып отыр. Міне енді интернетте «Бекасыл әлемі» атты арнайы портал ашылғаны ерекше оқиға деп санаймын.

Өзім де Бекасыл Биболатұлының мұрасының құндылығын оқырман қауымға жеткізуді мақсат тұттым.

 

Ержан Исақұлов

Бекасыл атаның ұрпағы, саясат ғылымдарының докторы, генерал

2018 жылы Нұр-Сұлтан қаласында «Бекасыл әулие» жеке қоры құрылды.

Аталған қордың қызметінің мақсаты — Бекасыл Биболатұлының бүкіл адамзаттың қымбат жауһарларының бірі саналатын «Зикзал» атты еңбегімен қазақ халқын кеңінен таныстыру.

Бұл еңбектегі исламның асыл қасиеттерін, адамзаттың байтақ тәжірибесі мен дәстүрін, өмір салтын, замананың ой-санасын, ғылымның сан-саласын қамтыған, қазақ топырағында бұрынды-соңды кездеспеген Бекасыл Биболатұлының аса құнды, тағлымды, ғибратты мұрасын қоғамның игілігіне пайдалану.

Осы орайда «Бекасыл Әулие» интернет-порталы ашылғанын жариялаймыз. Бекасыл Биболатұлының «Зикзал» атты кітабының электрондық нұсқасын арнайы төлемді сайтқа шығардық.

Ендігі кезекте ғылыммен, дін істерімен, мәдениет, білім беру үрдістерімен айналысатын мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдармен жан-жақты және кешенді өзара әрекет жасау, олардың көмегімен арнайы «Бекасылтану» орталығын ашу жоспары тұр.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында арнайы ғылыми жобаны жүзеге асырып, Бекасыл Биболатұлының өмірбаяны, өскен ортасы, жалпыға ортақ адамгершілік құндылықтарды насихаттайтын шығармашылығы жайлы, ондағы ұмыт болған дәстүрлер, наным-сенімдер мен қазақ мұсылмандығында бұрыннан қалыптасып, дала халқының болмысымен, табиғатымен біте қайнасып кеткен діни мектеп туралы ауқымды ғылыми еңбектер мен оқулықтар шығару, қысқа метражды фильмдер мен видеороликтер түсіру,ғылыми конференциялар мен кездесулер өткізу алдағы уақытта атқарылар міндеттеріміз деп санаймын.

Қазақстан Республикасының мұсылмандар діни басқармасымен бірлесе отырып Бекасылдың шығармасын өскелең ұрпаққа өнеге ету, ондағы дәстүрімізге, болмысымызға, діни саладағы жолымызға тура келетін және айшықтайтын діни және рухани бағыттағы еңбектерін діни басқарманың жоғарғы оқу орындарында және медреселерінде оқытуды ұйымдастыруды қолға алдық.

Ғұлама ғалымның қазақ мәдениетіндегі өзіне лайықты орнын толық анықтау үшін оның еңбегін әртүрлі ғылым салаларының (дінтану, философия, тарих, медицина, психология, этнография және т.б.) беделді өкілдерін тарта отырып, кешенді түрде зерттеулер жүргізу және талдау басталып та кетті. Бұл қадамымыз жұртшылық тарапынан зор қолдауға ие болуда.

Кітаппен әлем жұртшылығын таныстыру үшін оны ағылшын, орыс, түрік және өзбек тілдеріне аудару мәселесімен шұғылданудамыз. Осы тақырыпта жазатын шетел ғалымдарыммен келіссөздер басталды.

Бекасыл Биболатұлының кітапханасын іздестіруді бекасылтанушылар қолға алды. Сол жанашыр қауымның қолдауымен Бекасыл Биболатұлының музейін құру да ойда бар.

Сонымен қатар Ғұламаның атындағы мектептің алдында Бекасыл Биболатұлының ескерткішін тұрғызып, Бекасыл Биболатұлының кесенесін реконструкциялау және керек жағдайда жөндеулер өткізіп тұру аталған Қордың басты міндеті болып саналады.

 

2019 жылғы 4 қазан

«Қазақпарат» халықаралық ақпарат агенттігі

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*